Жуырда «Тараз» футбол клубының бас бапкері қызметінен босатылған Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Арно Пайперс «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді.

– Арно, премьер-лиганың алтыншы турында, командаңызбен бірге ең қымбат қонақүйлердің бірі «Астана ИнтерКонтиненталь»-да жайғасыпсыздар. Алматыға поезбен келдіңіздерме ?

– Иә, бұл қалжың емес. Алматыға келгеніме қуаныштымын, ұзақ жол біраз күшімді алды. Поезда тіпті ұйықтай алмадым, ары кетсе екі-ақ сағат қалқыған шығармын.

– Сіз «Алма-Ата» командасын баптаған кезде, «Орталық стадионда» жиі ойнайтынсыздар. Оңтүстік астананы сағынып жүрген жоқсыз ба?

– Алматыға келген бетте қонақүйге киімдерімді қалдырып, бірден «Орталық стадионға» аттандым. Алматыда  өткен кездерімді жиі есіме аламын.

– Сүйікті жерлеріңізге барып үлгердіңіз бе?

– Өкінішке қарай, қыдыратын уақыт жоқ. Десек те, «Орталық Стадион» – Алматыдағы ең сүйікті жерім.

2006 жылы «Астанамен» бірге ел чемпионы атандыныздар. Содан бері жеті жыл өтті. Қалай ойлайсыз чемпионаттың деңгейі өсті ме?

– Менің ойымша, сол уақыттан бері футбол өзгерді. Ол кездері команданың 80-90 пайызын жергілікті футболшылар құраған. Ал, қазіргі таңда легионерлердің саны көбейіп кетті. 

– Ол дегеніміз, шетелде Қазақстан футболына қызығушылықтың артқаны ма?

– Мұнда екі мәселе бар. Мүмкін шетелдегі ойыншыларға Қазақстанда ойнау қызықты шығар, жалақы жоғары ұлттық құрама сапына да шақырту алу мүмкіндігі бар.Алайда, осы жайт - жергілікті ойыншылардың дамуына кедергісін келтіреді.

– ЕУРО – 2008 іріктеу кезеңінде ұлттық құрамамыз сіздің жаттықтыруыңызбен рекордты 10 ұпайды қанжығалады. Сіздің ойыңызша, қазіргі ұлттық құрамамыз неге сондай нәтижеге қол жеткізе алмай жүр?

– Футболда ең бастысы сабырлық. Мәселен, біз іріктеу кезеңде жақсы нәтижеге жеткеннен кейін,  жанкүйерлер одан да жоғары нәтижелер күте бастады. Иә, нәтиже деген футболда ең маңызды элемент. Бірақ, сабырды да жоғалтпау керек.

– Легионерлер қазақстан футболын дамуына кедергі келтіреді дедіңіз...

 – Қазір біз қымбат ойыншыларды сатып алып, оларға Қазақстан азаматтығын береміз. Ол Қазақстан футболы мен ұлттық құраманың дамуына үлкен кесірін тигізеді деп ойлаймын.

– ЕУРО-2008 іріктеу кезеңінде бізбен бір деңгейде ойнаған Армения құрамасы қазіргі таңда Еуропаға ойыншыларын сатуда. Тіпті ӘЧ-2014 пен ЕУРО-2012 финалдық кезеңіне шыға жаздады. Сол уақыттан бері Армения құрамасы мықты құрамалардың қатарына енді. Себебі неде? 

– Біз олармен бір деңгейде болатынбыз. Экспорт жайлы айтатын болсақ, біз Алматыда Сербияны ұтқаннан кейін, ойыншыларымызға Еуропада қызыға бастады. Давид  Лорияның өзінде бірнеше ұсыныстар түсті. Қазақстандық ойыншылардың Еуропаға ұмтылмайтын себебі, чемпионатымызда ойыншылардың жалақысы жақсы. Армениямен айырмашылығы да осында.

– Сіздің ойыңызша болашақта бұл мәселе өзгереді ме?

– Дегенмен, өз елінде керегі жоқ шетелдік ойыншылары Қазақстанда бірінші сатыларда жүреді. Сондықтан өзгергенін қалаймын. Меніңше, бұл – «секонд-хэнд». Осының бәрі жергілікті ойыншылардың дамуына кедергі келтіреді. Футболшыларды да түсінемін, қай жерде жалақы жоғары болса сол жерге ұмтылады. Бұның бәрі клуб басшылықтарына байланысты.  

– Сіз үшін Сергей Хижниченко мен Абзал Бейсебековтің «Корона» сапына ауысы қуанышты жайт болды ма?

– Біріншіден, ұлттық құрама сапына қазақтар мен қазақстандықтар шақыртылуы керек. Тек қана сол кезде, Еуропаның ортаңғы командалары қызығушылық таныта бастайды. Дания, Голландия, Бельгия чемпионаттарынан ұсыныстар келеді. Бірден Испания мен Англия чемпионатында өнер көрсету мүмкін емес қой. Еуропаның жүйесі сондай.

– Жанкүйерлердің көбі - өз алаңымыздағы Бельгиямен ойынды ең күштісі десе, кейбіреуі Сербиямен ойынды ең үздік дейді. Өзіңізге қай ойын ұнады?

– Ең жақсы кездесуді Украинаға қарсы өткіздік деп есептеймін. Сіз атап өткен екі матчпен Украинаға қарса ойынды салыстырып көрсеңіз, украиндықтармен болған ойын ең үздік екенін аңғаруға болады. Сондықтан бұл ойын менің рейтингімде бірінші орында тұр.  

– ЕУРО-2008 іріктеу кезеңінде Финляндияға қарсы ойын қарсаңында қардың қатты жауғанына байланысты ойын өткізілмеді, сондай-ақ Польшамен өткен ойында стадионда жарық өшіп қалды...

– Кәсіпқой футболшы болғандықтан олар барлығына дайын болуы керек. Польшада жарықтың өшуі - құралдардың ескі болғанынан деседі, әйтсе де матч соңында Польшаның бапкері Лео Беенхаккер жарықтың бекерге өшпегенін айтты. Жарық өшер алдында біз 1:0 есебімен ұтып келе жатқанбыз.

– Жуырда Астанада өткен УЕФА конгрессінде «Ұлттық лига» құрылды. Сіз ұлттық құраманы жаттықтырған кезде жолдастық матчтар қазіргіге қарағанда әлдеқайда көп болатын...

– Оны өзім қалаған болатынмын. Ұлттық құрама бір-бірімен тіл табысу үшін жиі жолдастық кездесулер өткізіп тұруы керек. Ірі есеппен жеңіліп жатсаң да, ең бастысы сол ойыннан тәжірибе жинайсың.

– Ресейден 0:6 есеппен ұтылғаңдарыңыз есіңізде ме?

– Иә, қөңілге қаяу түсірген нәтиже. Ресей құрамасы ЕУРО-2008-ге дайындығын жүргізген болатын. Артынша, жарыстың қола жүлдегері атанды. Сол кездесу жайлы айтатын болсақ, бізді нашар қонақүйге жайғастырып, кездесуге жарты сағат қалғанда стадионға апарды. Бұған қоса, бастапқы егі голды төрешілердің қатесінен жіберіп алдық.

– Иә, есімде. Ресей журналистері ЕУРО-да сендерге ондай көмектесетін төрешілер болмайды, деп сынаған болатын өз ойыншыларын. 

– Ойын соңында Ресейдің бас бапкері Гус Хиддинкпен бір сағаттай ойын жайлы сөйлескенбіз. Хиддинк екі гол дұрыс соғылмағаны үшін менен кешірім сұраған болатын.

– ҚФФ-мен қарым қатынасыңыз қиын болатын. Әлі де солай ма?

– ҚФФ-ның президенті Әділбек Жақсыбековпен жақсы қарым қатынастамын. Үш жыл ішінде көп еңбек атқардым. Өкінішістісі, командадан құрметсіз шығарып жіберді.

«Қайраттың» инфраструктурасы жайлы не айта аласыз?

– Қарашада Алматыда болдым. Барлығын көре алмадым. «Қайрат» мені жұмысқа шақырған болатын, бірақ кейін менің орныма голландиялық Патрик ванн Лиувенті тағайындады. «Қайрат» «Зениттің» академиясынан кем емес. 

– Былтырғы маусымда «Таразбен» максималды нәтижеге қол жеткіздіңіз...

– Былтырғы маусымда «Таразға» келгенімде маған ҚПЛ-да қалуды мақсат етті. Менің алдымда команда біраз жеңілген болатын, әйтсе де команданы құтқара алдым. Бұған қоса, ел кубогының финалына шықтық. Ақтық кездесуде Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнаған «Шахтерден» ұтылып қалдық.

– 2010 жылдың 27-ші желтоқсанында сіз «Виллем II» командасының бас бапкері болып тағайындалдыңыз, ал 23-ші сәуір күні денсаулығынызға байланысты қызметтен кеттіңіз. Қазір денсаулығыңыз қалай? Жүрегіңіз бірқалыпты соғады ма?  

– Денсаулығым жақсы. «Виллемде» жұмыс істегенімде, алдымызға жоғары мақсат қойды. Тура сол уақытта денсаулығым сыр бере бастады. Сондықтан кетуге мәжбүр болдым. Қазіргі таңда, күн сайын 10 шақырым жүгіріп, суда жүзіп жүрмін.