«Қайратпен» өткен кездесуден соң «Тараз» футбол клубының қорғаушысы Илья Воротников «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді.

- Екі тайм әртүрлі болды. Бірінші кезеңді сәтсіз өткіздік, кейін ес жиып өз ойынымызды көрсете бастадық. Командада жас ойыншылардың көптігінен шабуылда ойын жүрмей қойды.   

- Мақсаттарыңыз бұрынғыдай ма? Үздік алтылыққа ену?

- Иә, алты тур ғана өтті. Қызықтың бәрі алда. Мақсатымыз бұрынғыдай – үздік алтылыққа кіру. Алдағы кездесулерде жақсы ойын көрсетіп, ұпай жинауға тырысамыз.

- «Қайраттан» не себепті ұтылдыңыздар, қалай ойлайсыз?

- Қазір айту қиын. Матч басталысымен ойын тізгінін алматылықтарға бере салдық. Сондай-ақ, бірінші таймда екі гол жіберіп алдық.

- Бапкеріңіз екінші таймға қандай нұсқау берді?

- Шабуылда белсенді болыңдар деді. Осылайша, қарымта шабуылда есепті қысқарттық. Бірақ, өкінішке қарай, жеңіліп қалдық.

- Ел біріншілігінің алтыншы туры аяқталды. Фавориттер анықталды ма?

- Әлі ерте шығар... Небәрі алты тур ғана өтті. Екінші айналым бәрін өз орнына қояды. Бірақ, қазіргі таңда «Жетісу» мен «Атырау» мықты өнер көрсетуде. Мұнайшылардың сапында жақсы ойыншылар жиналыпты. Әйтсе де, «Астана», «Шахтер» мен «Ақтөбе» чепиондыққа таласады.  

- Арно Пайперс қызметінен кетеді деген сыбыстар бар...

- Өзбасым оның командадан кетуін қаламаймын.