«Қайраттың» қорғаушысы Александр Кислицын «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне 6-тур аясындағы «Таразға» қарсы кездесудегі жеңісті матчтан алған әсері туралы бөлісіп, команданың неліктен жаңа жолақты жейдені кеймейтінін айтты, сонымен қатар, ҚПЛ-дың 7-турында кездесетін «Қайрат»-«Тобыл» ойынын сарапқа салды.

 - Маусымды сәтсіз бастағандықтан «Қайрат» психологиялық соққыда деп айта алмаймын, - дейді Кислицын. – «Таразға» қарсы кездесуге әдеттегідей дайындалдық. Ойынның кейбір бөліктері бойынша жұмыс істедік. Кездесу алдында жігіттердің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Қарсыласымыз туралы жаман айтқым келмейді, бірақ «Таразды» «Орталық алаңда» жеңетінімізді білдік. Біз лайықты өнер көрсеттік, нәтиже көзге ұрынып тұр.

- Былтыр «Қайрат» «Шахтермен» өткен кездесуінде 3:0 есебімен ұтып жатып, жеңісті қолдан жіберіп алды. Осы жолы «Тараз» есеп айырмасын қысқартқанда, тағы да жеңе алмай қаламыз деп қорықпадыңыз ба?

 - Былтыр біз өз ойынымызды жоғалтып алдық. Оның үстіне, матчтағы кейбір өзгерістер біздің пайдамызға болмады. Бұл жолы біз ойынымызды жоғалтпадық. Қорқыныш болған жоқ. «Тараздың» соққан голына келер болсақ, демек кей жерлерде соңына дейін ойнамағанбыз. Ауттан допты алаңға тез қосу және қорғаушылардың қатесі «Тараз» үшін пайдалы болды. Қазір бәрі өз орнына келді.   

 - Рамиль Нұрмұхаметов «Қайратта» жүргенде оның осал тұстарын біліп алдың ба?

 -  Әр ойыншы өз алдына дара. Мен ешқашан біреуді зерттемеймін. Барлық адамның екі қолы, екі аяғы, бір басы бар. Бәрі де футбол ойнай алады.

 - Ойынның бітуіне бірнеше секунд қалғанда сен 35 метрден «Тараз» қақпасын дәл көздедің. Осындай ауа-райында алыстан соққы бағыттауды Владимир Вайсс айтты ма, жоқ әлде, бұл өзіңнің шешімің бе?

 - Соққы бағыттауды өзім шештім. Жаттығу кезінде осындай соққыларды жасап тұрамын, бірақ әрқашан сала бермеймін. Осы кездесуде доптың «Тараз» қақпасынан табылғаны сәттілік қана.   

- Өз алаңыңдағы алғашқы жеңіс. Вайсс ойыннан кейін команданы ерекше мақтады ма?

 - Жарайсыңдар деді де, баспасөз мәслихатына кетті.  

 - 7-тур аясында Қостанайда «Тобылмен» кездесесіңдер. Қарсыластың бүгінгі жағдайын ескерсек, үш ұпай алуға мүмкіндік бар ма?

 - Әр ойынға соңғы кездесуіміз секілді дайындаламыз. Жеңуге ғана әзірленеміз.

 - «Қайсарды» сырт алаңда жеңу оңай болды ма, жоқ, өз алаңыңда «Таразды» ұту ма?

 - «Қайсарға» қарсы кездесуде гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Өкінішімізге орай, бір мәрте ғана қарсылас қақпасын дәл нысаналадық. Соңғы минуттада Дарабаев гол соғып, ойын тағдырын шешіп кетті.

 - «Таразбен» ойнағанда да гол соғатын мүмкіндіктер көп болды ғой?

 Мүмкіндік көп болды және оны жүзеге асыру барысында да жақсы деңгей көрсеттік. Команда өз ойынын тауып келе жатыр, біз әлі де күшейе түсеміз. Маусым басында футболшылар арасында түсініспеушілік болды. Қазір көріп тұрғаныңыздай, барлық статистикалық көрсеткіш бойыншы бірінші орында келеміз. Бір ғана «аһ» ұратын тұс – гол соғу мәселесі.

 - Неліктен жолықты жейдемен ойнамайсыңдар?

 - Білмеймін. Мүмкін сары түспен жолымыз болатын шығар. Бәлкім Еуропа Лигасында жолақты жейдемен ойнап қалармыз.