Кәрі құрлықтың клубтар арасындағы ең беделді сайысының ширек финалы аяғына жетті. Мадридте жергілікті «Атлетико» «Барсаны» қапы қалдырса, Мюнхенде Германия чемпиондары «Манчестер Юнайтедті» тізе бүктірді.

«Висенте Кальдеронда» алаң иелерінің келесі айналымға өтуіне бір ғана гол көмектесті. Ойынның бесінші минутында Кокенің соққан голы кездесу тағдырын шешіп тастады. Өткен аптада қос ұжымның арасындағы матч тең есеппен аяқталғандықтан бүгінгі ойынның жеңімпазы жартылай финалға жолдама алатын еді. Симеоне шәкірттері азулы қарсыласынан сескенбей, евросаяхатын жалғастыра бермек.

"Атлетико" - "Барселона" - 1:0 (1:0)

Гол: Коке 5'.

"Атлетико": Куртуа, Филипе, Миранда, Годин, Хуанфран, Коке, Габи, Тиагу, Рауль Гарсия, Вилья (Родригес 78'), Адриан (Диего 61').

"Барселона": Пинто, Альба, Маскерано, Бартра, Алвеш, Бускетс, Хави, Фабрегас (Санчес 60'), Иньеста (Педро 72'), Неймар, Месси.

Ескертулер: Бускетс 18', Коке 90+1', Маскерано 90+2', Алвеш 90+3'.

Төреші: Ховард Уэбб (Ротерем)

 

Ал неміс машинасы өз дегенін істеді. «Олд Траффордта» тең түскен клубтардың Мюнхендегі міндеті бірдей еді. Яғни, жеңіске жету. Бұл жұптың фавориті «Бавария» екені баршаға мәлім. Алайда бірінші таймда екі команда да қарсылас қақпасынан саңлау таба алмады. Ал екінші тайм басталысымен қонақтар Эвраның көмегімен есеп ашып, алға шықты. Араға бір минут салып Манджукич таразы басын теңестірді. Ойынның 68-минутында Мюллер алаң иелерін алға шығарса, Роббен өз командасының үшінші голын соғып, жартылай финалға алып шықты.

"Бавария" - "Манчестер Юнайтед" - 3:1 (0:0)

Голдар: Эвра 58', Манджукич 59', Мюллер 68', Роббен 74'.

"Бавария": Нойер, Алаба, Боатенг, Данте, Лам, Рибери, Кроос, Гетце (Рафинья 65'), Роббен, Мюллер (Писарро 84'), Манджукич.

МЮ: Де Хеа, Эвра, Смоллинг, Видич, Джонс, Кэррик, Флетчер (Чичарито 73'), Кагава, Валенсия, Уэлбек (Янузай 79'), Руни.

Ескертулер:  Видич 26', Эвра 70', Рафинья 72'.

Төреші: Йонас Эрикссон (Сигтуна)