Иә, кешегі ширек финалдық «триллерден» кейін бүгінгі ойындардан жанкүйерлердің үміті зор. Жартылай финалға таласатын төрт команданың да мүмкіндіктері бар. Өткен аптада қос кездесу де тең есеппен аяқталған еді. Сондықтан жеңімпаз кешке анықталмақ.

Атақты «Камп Ноуда» «Барселонаға» қарсылық көрсеткен «Атлетико» Мадридте қалайда жеңіске жетуге тырысатыны анық. Әрине, бүгін алаң иелеріне 0:0 есебі де жеткілікті. Қорғаныста қалай ойнау керектігін білетін Симеоне шәкірттері алаңға Диего Коста мен Арда Турансыз шығуы ықтимал. Бұл ұжымдардың Мадридте өткізген соңғы ойынында гол соғылмай, тең есеппен аяқталған еді. Міне, алаң иелеріне сол тактиканы пайдалану қажет. Жалпы «Атлетико Мадрид» «Висенте Кальдеронда» еврокубок ойындары аясында соңғы бес ойын қатарынан жеңіп келе жатыр. Тиісінше каталониялықтар мадридтік командадан сырт алаңда төрт жыл бойы жеңілмеген екен. Ал бүгін жеңсе, «Барселона» жетінші мәрте жартылай финалға өтпек. «Атлетико» Чемпиондар лигасының ширек финалында соңғы рет 1997 жылы ғана өнер көрсеткен екен. Демек, тәжірибенің бүгінгі жекпе-жекте көп рөл атқаруы әбден мүмкін. Жалпы «Атлетико» өз алаңында «Барсаны» 106 рет қабылдапты. Оның 50-інде жеңіске жетсе, 23 рет тең түсіп, 23 мәрте жеңілген. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуді аргентиналық дуэль деп те атауға болады. Себебі, қос ұжымның да тізгінен Аргентина мамандары ұстаған. Ал қай оңтүстік америкалық бапкердің жартылай финалға шығатыны кешке анықталмақ. 

Бірнеше апта бұрын «МЮ» Чемпиондар Лигасының жартылай финалына жолдама алуы мүмкін еместей көрінген еді. Ал бүгін манчестерлік клуб «Челсидің» ізімен екінші ағылшындық клуб болып жартылай финалға аттануы ықтимал. «Бавария» соңғы үш ойында жеңіске жете алмай келе жатыр. Әрине, оның екеуі ешқандай мазмұнға ие емес еді. Ал, соңғы ойындарда Дэвил Мойес командасы аяқтан тұрып келе жатқан сыңайлы. АПЛ-дан қол үзген «қызыл сойқандардың» бар үміті еврододада екені анық. Алайда неміс машинасының тізгігін Хосеп Гвардиолла ұстап тұр. Бұл испандық маман «Манчестерге» қарсы қалай ойнау керектігін біледі. Кезінде «Барсаның» бас бапкері ретінде англиялық ұжымды екі мәрте финалда тізе бүктіргені есімізде. Оның үстіне, «Бавария» «Альянс Аренада» қонақжай емес екендігі белгілі. Мюнхендік клуб маусым басталысымен өз алаңында 23 ойын өткізіп, бір ғана мәрте жеңілген екен. Ең қызығы, сол жеңілісті алып келген басқа бір манчестерлік клуб, дәлірек айтқанда «Манчестер Сити». Ендеше қонақтар кімнен кеңес сұрауды біледі. Ал неміс машинасы тағы бір манчестерлік клубты өз алаңында жеңе ала ма екен?