Қазақстанда футбол маусымы жуырда ғана басталды. Жаңа маусымда «Жетісу» клубы тамаша ойнап, таң қаларлық нәтижелер көрсетеді деп кім ойлаған? «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі ресейлік маман Омари Тетрадзенің уақытын тауып, жеңіске жетудің құпиясын ашып көрмек болды.- Біріншіден, жаңа маусымды сәтті бастауыңызбен құттықтаймын. Жанкүйерлер мұндай нәтижені күтпеген еді. Жеңіске жетудің сырын өзіңізден анықтап сұрасақ?

- Рақмет. Меніңше, ойыншы таңдағанда ең бірінші олардың мінезін қарау керек. Бұл аса маңызды. Қымбат футболшыларды алуға біздің қаражатымыз жетпейді. Ойыншы таңдағанда, алдымен олардың мінез-құлқына мән бердік.  Қателеспеген болармыз деп ойлаймын. Жігіттердің ерік-жігері мен құлшыныстарына риза болдым. Футболшылар өзбетімен даму керек. Команданың жеңіске жетіп, жеңіліске ұшырауы өздерінің ынтасы мен шын ниетіне байланысты. Онсыз ештеңе өнбейді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбек пен тәртіп өз жемісін береді.

- Өткен үш кездесудің қайсысы қиын болды?

- Қалай айтсам... Әр ойын өздігімен қиынға түсті. «Астана» жүлдеге таласатын клуб, әрқашан алдына биік мақсат қояды. Сондықтан, елордада ұпай алу оңайға түспеді. «Қайратта» солай, құрамында кілең мықты футолшылар ойнайды. «Тобылдың» ойыншылары бір-бірін сөзсіз түсінеді.

- Сіз қарсыластарыңызды қаншалықты зерттедіңіз? 

- Қарсылас командалардың қатысуымен бірнеше матчты көрдік. «Астананың» қатысуымен бірнеше ойынды, «Қайрат» - «Атырау» кездесуін барлық команда мүшелерімен отырып бақыладық. Ойынды талқылап, қарсыластарымыздың осал жерін іздедік. 

- Алматы облысының бірнеше клубын жауып тасатағанына қалай қарайсыз?

- Өкінішке қарай, мұндай жағдай тек бізде ғана болып жатқан жоқ. Ресейде қаржы тапшылығына байланысты «Алания» клубы жабылған болатын.

- Келісемін. «Торпедо» секілді әйгілі клубтың атын өшіргеннен кейін дей дейсіз...

- Айтпақшы, бұл клубты қайта жандандырып жатыр, есіңізде болсын дәстүрі сақталып ежанкүйер жадында сақталған клубтың есімі еш уақытта өшпек емес. Қазақстанға келер болсақ, әрине өкінішті. Менің ойымща Қазақстан сияқты алпауыт мемлекетке 12 команданың ойнауы аздық етеді. Қазір Футбол Федерациясы ҚПЛ-ға қатысатын команда санын 10-ға дейін қысқартпақ. Бірақ бұл қадам бір жағынан дұрыс та шығар. 10 командамен чемпионат қызықтырақ болады.

- Маусым басталмай жатып «Жетісуді» фавориттер қатарында болмаған. Ал, қазір чемпионаттағы барлық клуб сіздермен санасады. 

- Айтып тұрғаныңыз дұрыс. Команданы тиісінше бағаламау футболда жиі орын алып тұратын жағдай. Тек айтарым, біз бәріне дайынбыз. Командаға әлі де екі орталық қорғаушы керек. Бұл жөнінде клуб басшылығымен сөйлесіп қойдым. Орталық қорғаушылардан Виктор Ковалев мен Арунас Климавичус қана бар. Құдай бетін аулақ қылсын, егерде екеуінің біреуі ауырып немесе жарақат алса, орнына кімді шығарамыз? Бір жағынан ойыншылар арасында бәсекелестік болу керек. Бәсекелестік болмаса ойыншылар босаңсып қалады. Яғни, тәртіп нәтижемен ұштасады.

- Жуық арада командаға жаңадан қосылатын ойыншылар бар ма?

- Оларды қазір қайдан табасың? Ойыныларды тіркеу мерзімі өтіп кетті. Екінші оқу-жаттығу жиынында осы туралы мәселе көтеріп едім, құлақ асқан адам болмады. Бір жағынан қаржы жағдайы көтермейді. Енді «бармен базар» деп ары қарай ойнауға тырысамыз. 

- «Жетісу» басшылығы сізге жаңа келісімшарт ұсынса қаласыз ба?

- Бұл жөнінде сөз қозғау әлі ерте. Мен – кәсіпқой жаттықтырушымын. Келісімшарттың мерзімі аяқталмайынша жұмысымды тоқтатпаймын. Басшылық біздің алдымызға мақсат қойған жоқ. Бірақ, біз жігіттермен алғашқы алтылыққа кіруді мақсат еттік. Егер алтылыққа енсек, жүлдеге де «сынық сүйем» қалады. Генерал атануды армандамайтын жауынгер жоқ. Сол секілді біз де жұлдеге таласамыз. 

- «Қайраттың» маусымдағы сәтсіз бастауы не себепті деп ойлайсыз?

- «Қайрат» әлі де өзін көрсетеді. Бірақ легионерлер жергілікті ойыншылардан бір сатыға жоғары болу керек. Сонда біздің футболшылар өседі. Легионердің орнына легионерді шақыру мәнсіз деп ойлаймын. Қазақ футболының басты проблемасы – жергілікті, білікті ойыншылардың аздығы. - Талдықорғанда «Жетісу-Сұнқар» атты жаңа клуб ашылды. Бірінші лига ойындарын көріп, жас футболшыларды қойын дәптеріңізге түртіп жүресіз бе?

- Әріне. Бірінші лигада жақсы ойыншылар жетерлік. Негізі 19 жастағы жігіттер қосалқы командада ойнамауы тиіс.

- Соңғы сұрақ. Сергей Тимофеев есіңізде ма? Кезінде «Алания» мен «Динамо» сапында бірігіп өнер көрсеткен едіңіздер...

- Әрине, есімде! Ол қазір Сахалинде бапкерлік қымет атқарып жүр. Жағдайы жақсы. Қаржылық жағынан қиындық көрсе де, команда чемпионатта топ бастап келеді. Мінезі қандай тамаша жан екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер, сондықтан ол туралы айтпай-ақ қояйын.

 

 

Автор: Эрлен Абдулманов

Аударған: Айбар Рысдәулет