Кәсіпқой боксқа ауысқанына көп уақыт өтпесе де Қанат Ислам WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) белбеуі үшін жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. 

«Кәсіпқой боксқа ауысқалы 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Өткен жылы Кариб аймағының ең үздік боксшысы атандым. Биыл Латын Америкасы елдері арасындағы WBА белбеуін жеңіп алдым. Мұнымен тоқтап қалмасым анық. Мен енді бүкіл әлем бойынша WBA нұсқасының чемпионы атануды көздеп отырмын. Ол үшін бар күш-жігерімді саламын» деді Қанат.

Оның айтуынша, аталған межеге ағымдағы жылдың соңында-ақ жетуге мүмкіндік бар. Келесі кездесуін ол 26 сәуір күні Доминикан Республикасында өткізеді. Бұл жекпе-жекті жеңген жағдайда Қанат WBA рейтингінің 8-ші сатысына көтерілмек (қазір 11-ші орында). Демек, чемпиондық белбеу үшін болатын күреске бір қадам жақындайды.

«Менің салмағымда мықты қарсыластар көп. Ең мықтысы - Флойд Мэйвезер (АҚШ) және филиппиндік Мэнни Пакьяо. Мэйвезер шаршы алаңда 45 жекпе-жек өткізіп, ешқайсысында жеңілмеген. Қазір ол әлемдегі ең үздік боксшы. Ал, Пакьяо болса 8 нұсқа бойынша чемпион атанған. Оның жетістігіне әлі ешкім жеткен жоқ. Ол екеуінен бөлек Карлос Молина, Деметрус Андраде, Эрисланди Лара, Мигель Котто, Сауль Альварес сынды мықтылар бар. Олардың ешқайсысы осал емес. Жалпы, мен өзім кәсіпқой боксқа өтер кезде қиын болатынын біліп келдім. Артқа шегінбеймін. WBA белбеуі үшін дәл қазір Мэйвезермен жұдырықтасуға дайынмын» деді Қанат өз сөзінде.