Қазақстандық 14 жастағы шахматшы Жансая Әбдімәлік әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағын алды, деп хабарлайды Қазақстан Шахмат федерациясының сайты.

Бұл жөнінде Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен ФИДЕ-нің президенттік кеңесінде жарияланды. Жансаяның әкесі Данияр Әшіровтің айтуынша, қазақстандық шахматшыға бұл атақты беруді ФИДЕ 2012 жылдан бастап қарастырып келеді екен.

Қазіргі уақытта Жансая Әбдімәлік 16-26 сәуір аралығында өтетін Азия чемпионатына дайындық жүргізуде. Ал мамыр айында қазақ қызы Бельгияда екі аптаға созылатын жиынға Голландия құрамасының жаттықтырушысы Владимир Чучеловпен бірге қатысады.

Сонымен қатар, кеңес қорытындысы бойынша халықаралық арбитр атағы Павел Коцурге (Павлодар), ФИДЕ төрешісі атағы Евгений Егоровқа (Павлодар) берілді.