Словакияның Сенец қаласында армрестлингтен  Гран-при турнирі жалғасуда. Жиырма бірінші рет жалауын желбіреткен  «SENEC HAND 2014» турниріне Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысып үздік нәтиже көрсетті. 

Турнирге әлемнің 33 мемлекетінен 300-ге тарта спортшы қатысты. Қыздар арасында  52 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына  шыққан Тараздық Татяна Верина барлық қарсыласын жеңіп қоржынға  алғашқы алтынды салды. Артынша ересектер арасында 65 келіде сынға түскен қос Шардаралық спортшылар  әлем чемпионы Ержан Әбілда мен Рамазан Жанкуров кездескен қарсыластарынан басым түсіп финалдық бәсекеде жолығып өзара мықтыны анықтады. 70 келі салмақта жарыс жолына шыққан астаналық Зайр Ахмедов жеңісті жолды жаңылмай тауып тағы бір алтын жүлдені қоржынға салды. 

Турнирде 75 келіде шыққан қос тараздық спортшылар Бақытжан Сапарбаев пен Вали Фараджов отандастарының жеңісті жолын жалғастырып алтын мен күмісті бөліп алды. Шардаралық спортшы 85 келі дәрежесінде ел намысын қорғаған Ғани Малбасов финалға дейінгі қарсыластарының бәрін жеңіп, ақтық бәсекеде болгариялық Палмен Дмитировпен өткен аса тартысты бәсекеде сәл ғана жол беріп алтынға бергісіз  күміс медальға қол жеткізді.

Ауыр салмақта жарыс жолына шыққан  алматылық  Элдар Тоқтағұнов  пен Пулсан  Реннерт қола мен күміс жүлдеге қол созды. Гран-при турнирге бастап барған шардаралық  жаттықтырушы Досмұрат Роман мен тараздық  Ахмед Алиевтің еңбектері екі еселене түсті. Көк туымыз биікте желбіреп, еліміздің әнұраны Словакия төрінде шырқалды.  Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орынға табан тіреп, әлемдік рейтингідегі алғашқы орынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Гран-при турнирі  Швейцарияда өз жалғасын табады.