Қазақ футболындағы даңқты ойыншылардың бірі «Тобыл» клубының ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді.

- Германиядан ойсырай ұтылғаннан кейін бас бапкер Мирослав Беранек сізді тізімінен алып тастады. Араларыңызда келіспеушілік болды ма?

- Ондай ештеңе болған жоқ. Тек Ұлттық құрамаға қайта оралу үшін біраз тер төгіге тура келді.

- Сіз өзіңізді Ұлттық құрамада ойнауға лайық екеніңізді дәлелдеп бердіңіз. Жаңа бас бапкер Юрий Красножан сізді Литвамен болған жолдастық кездесуге шақырды…

- «Тобыл» өткен маусымда жақсы ойнады, соның арқасында ұлттық құрамаға шақырту алдым деп ойлаймын. Ел құрамасына көмегі тиер деп арнайы шақырту жасаған Красножанға рақмет.- Литваға қарсы өткен ойында тек Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсететін футболшылар ғана гол соқты. Қызықты жайт емес пе?

- Әрине, бірақ әркім өз елінің абыройы үшін ойнайды ғой.

- Матч алдында алғашқы голдың авторы Вичюспен сөйлестіңіз бе?

- «Шахтер» ойыншылары секілді онымен тығыз қарым-қатынаста емеспін.

- Екінші таймда тыңнан қосылып, гол соқтыңыз… Пайперстың тұсындағы футболды қайта көрсете аласыз ба?

- Пайперстің кезінде қалай ойнасам, әлі де сол футболды көрсетіп жүрмін. Иә, уақытым өтіп барады, бірақ мен осы уақыт аралығында мол тәжірбие жинадым. Осы жинаған тәжірбиемнің арқасында Ұлттық құрамаға пайдамды тигіземін деп ойлаймын.