Чемпиондар Лигасының ширек финалдық кездесулері кеше өз бастауын алды. Айқын деген фавориттер жеңіске жете алмай, қос матч та тең есеппен аяқталған болатын. Бүгін қалған екі ойын өтеді. Франция мен Испания астанасында өтетін матчтарды саралап көрейік.

Парижде жергілікті «ПСЖ» Лондоннан келген «Челсиді» қабылдайтын болады. Былтыр Еуропа Лигасында топ жарған Моуриньо шәкірттері биыл Чемпиондар Лигасын бағындырмақ. Сонымен қатар, ішкі біріншілікте де жағдай шиеленісті болып тұр. Ал француздықтар Бірінші лиганың жеңімпазы атануға жақын тұр. Ендігі нысан Чемпиондар Лигасы екені анық. Моуриньоның өзі бұл команданы аталмыш доданың фавориті санаған еді. Ибрагимович секілді сұрмергені бар париждік клуб өз жанкүйерлерінің алдында ағынан жарылуы тиіс. Оның үстіне, өз алаңында ПСЖ соңғы бес ойында қарсыласын қапы қалдырған екен. Ал «ақсүйектер» қонақта өткізген соңғы бес кездесудің біреуінде ғана жеңіс тойын тойлаған. ¼ финалдың өзге жұптарына қарағанда осы клубтардың өзара жекпе-жегінде кімнің жығылатынын дәл басып айту қиын. Сондықтан бәрін Моуриньо мен Бланның шеберлігі шешеді.

«Реал Мадрид» – «Боруссия». Былтырғы еурододаның қызығы мен шыжығы көп болған жұбы осылар. Естеріңізде болса, былтыр жартылай финалда осы екі команда ақтық сынға берер жолдаманы өзара сарапқа салған еді. Сонда Клопп шәкірттері азулы «Реалды» тас-талқан еткен болатын. «Баварияға» чемпиондықты беріп қойған дортмундтық клуб үшін Бундеслига аса маңызды емес. Ендігі күш Чемпиондар лигасына түспек. Ол үшін үлкен емтиханнан өту керек, «Реалдың» емтиханы. Былтыр испандық командаға покер жасаған Левандовский бүгін көмектеспейді. Бар сенім Ройста болмақ. Ал мадридтіктер үшін былтыр кеткен есені қайтаратын кез келді. Ла Лигада соңғы турларда сүрініп жүрген Анчелотти шәкірттеріне «Барса» мен «Севильяға» қарсы ойындарды ұмытқан жөн. Жанкүйерлерінің де сынына жиі ұшырап жүрген оларға қазір психологиялық дайындық қажет. Роналду бастаған корольдік клуб бұл жұпта фаворит екені белгілі. Енді соны іс жүзінде дәлелдесе жетіп жатыр.