Кәрі құрлықтың клубтық деңгейдегі ең беделді додасы жалғасын бүгін таппақ. Яғни, Чемпиондар Лигасының ширек финалы кешке басталатын болады. Әйгілі «Олд Трафордқа» мюнхендік «Бавария» қонақтайды. Ал Барселонада қос испандық клубтардың текетіресі өтпек.

Пиреней түбегіне аттанайық бірінші. «Камп Ноуда» «Барселона» Мадридтен келген қарсыластарын қабылдайтын болады. «Реал» емес, әрине, «Атлетико». Диего Симеоне шәкірттері бүгінде испан біріншілігінің көшін бастап тұр. Чемпиондар лигасындағы аяқ алысы да жаман емес. «Барса» да бірнеше турлық тоқыраудан соң, өз ойынын қайта тапқандай. Бір қызығы, қос клуб та соңғы бес ойынында жеңіске жеткен. Демек Каталония төрінде бір ұжым осы сериясын тоқтатпақ. Қонақтардың жеңілуі әбден мүмкін. Қаһарман Месси бастаған «блаугранастың» оңай жеңіле қоймайтыны белгілі. Оның үстіне, соңғы жаттығулардың бірінде «Атлетиконың» бас сұрмергені Диего Коста жарақат алып қалған болатын. Оның бүгінгі ойынға қатысу-қатыспауы белгісіз. Тиісінше «Барселона» негізгі қақпашысы Виктор Вальдестен айырылған еді осы ойын қарсаңында. Жалпы бұл екі клубтың арасында өткен соңғы үш ойын тең нәтижемен аяқталған екен. Мүмкін Симоене «Барселонадан» қалай ұтылмау керектігін білетін шығар? 

Тарихы терең манчестерлік «Юнайтед» бүгінгі кәрі құрлықтың ең мықты командасы «Баварияны» қабылдайды. Былтыр қос ұжымның да бапкерлері зейнетке шығып, жазда жаңа мамандар келген болатын. Хосеп Гвардиолла оталып тұрған неміс машинасын тура жолдан тайдырмаған еді. Ал «МЮ дың» тізгінін ұстаған Дэвид Мойестің жағдайы мәз емес. Ішкі біріншілікте жетінше сатыда тұрған манчестерлік команда ширек финалға да ілініп салынып шыққан тұғын. Тағы бір қателік жіберсе, жанкүйерлері кешірмесі анық. «Баварияны» жеңіп, бұрынғы өкпенің бәрін жуып жаюға мүмкіндік бар. Ал бавариялықтар тұманды Альбионға бір ай бұрын ғана келген еді. 1/8 финалда лондондық «Арсеналды» тізе бүктіргені естеріңізде шығар. Сол кезден бір айырмашылығы – «Бавария» Англияға енді биылғы Бундеслига чемпиондары ретінде келеді. Неміс машинасы да ширек финалдың тағдырын бүгін шешіп тастауға тырысатын болады. Себебі қарымта кездесуде «Баварияны» өз жанкүйерлері стадионда қолдай алмайды. «Арсеналға» қарсы өткен жауапты ойында “Gay Gunners” деген жазу үшін УЕФА жазалаған болатын. Демек, бүгінгі матч көп нәрсені шешпек. Неміс машинасы Қызыл сойқандарды айналып өте ала ма екен?