Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Женева қаласында өтетін Дэвис кубогы аясындағы ширекфиналдық матч алдында пікірімен бөлісті.

«Алдағы матч өте ауыр болатынын білемін. Швейцария құрамасының ойыншылары әлемдегі үздік теннисшілер. Алайда, кез келген қарсыластың осал тұстары болады. Менің мүмкіндіктерім 50 де 50 болып тұр», - деді Голубев.

Осыдан төрт жыл бұрын Швейцариямен кездесіп айқын жеңіске жеткен отандастарымыз бұл жолы да барын саламыз дейді. Жуырда ғана жарақатынан айыққан Михаил Кукушкин матчқа дайындығы туралы баяндады.

«Маямидегі турнир барысында иығымды ауыртып алғанмын. Қазіргі таңда бәрі жақсы. Біз үшін кез келген ойын маңызды. Жанкүйерлерді жерге қаратпауға тырысамыз» -  деді Кукушкин.

Естеріңізге сала кетейік, Дэвис кубогы жолында Швейцария мен Қазақстан құрамаларының ойыны, 4-6 сәуір күндері Женевадағы «Palexpo» cтадионында өтеді.

Олжас НҰРАЗХАН, Женевадан