Әйгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 26 жыл бұрын – 1993 жылы 13 маусымда дүниеге келді.

Сочидегі Олимпиаданың қола жүлдегері 2018 жылы 19 шілдеде Алматыда қаза болды. Марқұм спортшының туған күнінде Sputnik Қазақстан Денистің жұлдызды жолы туралы сыр шертіп, дүние жүзі халқының чемпионға деген сүйіспеншілігі туралы баяндайды.

Денис Теннің балалық шағы

Ең алғашқы видеода Денис Тен небәрі алты айлық. Балпанақтай сәбидің жүзінен болашақ чемпионды жазбай тануға болады. Ар жағында ата-анасының дауысы естіледі – Оксана және Юрий Тен.

Болашақ чемпион Алматыда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін мұз айдында өткізді. Мәнерлеп сырғанаумен алғаш рет "денсаулық" тобында айналыса бастаған, яғни – "өзі үшін". Бірақ балақайдың дарыны мен спорттық әлеуеті бірден көзге түсті.

Сонау Корея империясы заманындағы генерал Мин Гын Хоның ұрпағы Денистің жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан ақсүйектер әулетінен шыққаны байқалып тұратын. "Әдепті әрі сыпайы" – спортшының әріптестері, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлері оған дәл осындай мінездеме беретін.

Кішкентай күнінен қайтпас қайсарлығымен әйгілі бапкерлердің көзіне түскен. Бұл жайында Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин түсірген "Тает лед" фильмінде Теннің мұғалімдері еске алады.

2000 жылдардың басында Тен Алматының сауда орталықтарындағы мұз айдынында жаттыққан.

"Тает лед" фильмінде бапкер Елена Водорезова (Буянова) Денисті алғаш рет 2003 жылы "Мәскеудегі "Хрустальный конек" жарысында байқағанын айтады.

"Кіп-кішкентай сүйкімді балақайды көрдім. Қолынан ештеңе келмесе де, сондай өнерлі еді. Анасымен бірге жарысқа қатысуға келіпті. "Қайдан келдіңіздер, қайда жаттығасыздар, бапкері кім?" деп сұрасам, олар дүкендердегі шағын айдындарында сырғанап жүргенін айтты", - деп еске алады Водорезова.

Денис Теннің жеткен жетістігі мен мәнерлеп сырғанау стиліДенистің шеберлігі қайталанбас жылдамдығы мен ерекше пластикасында. Ол бильман әдісімен айнала білетін санаулы жігіттердің бірі болды – мәнерлеп сырғанаушы бір аяқпен тұрып, екінші аяғын артқа қарай басына дейін көтеріп, қос қолымен конькиден ұстап тұрып айналады.

Алғашқы ірі жеңісіне Денис Тен 12 жасында жетіп, 2006 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 13 жасында Голландияда жасөспірімдер арасындағы Гран-приде оныншы орын алды.