Францияда жылдам шахматтың блиц және рапид түрлерінен ашық чемпионат болды. Онда Қазақстаннан барған жалғыз спортшы Сауат Нұрғалиев алтын медальді жеңіп алды.

Чемпионатқа 539 спортшы қатысты.

Сауат 14 партияда 9 рет жеңіске жетті. Сауаттан жеңілгендердің бірі - 22 жастағы ФИДЕ шебері, франциялық Дудоньон Тибо (ЭЛО - 2292).

«Қазір Сауат - елімізде шахматтан спорт шеберіне ең жас үміткер. Өткен айда ол қатарластарының арасындағы ЭЛО рейтингінде көш бастап, классика бойынша 9 жасқа дейінгі балалар арасында әлемнің үздік шахматшысы атанды», - дейді жас дарын иесінің бапкері Ержан Шәкенов.

Франция ашық чемпионаты Ле-блан-мениль қаласында болды. Бір айта кетерлігі, турнир жас санаттарына бөлінген жоқ. «Сауаттың қарсыластарының көпшілігі одан жасы үлкен әрі тәжірибелі шахматшылар еді. Бірақ біздің чемпион оған пысқырған да жоқ», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Шахмат федерациясының президенті Абылай Тостамбеков.