Өз алаңында екі рет қатарынан жеңіліс тапқан алматылық «Қайратқа»  не болды? Владимир Вайсс шәкіртерінің сүреңсіз ойынына не себеп?

Селекция дұрыс болмады ма?

Негізінен кімнің қаншалықты мықты екенін чемпионаттың алғашқы турларынан аңғарса болады. Алайда ойыншыларды әжуалап өнерін жоққа шығаруға болмайды. Себебі, бейімделу біраз уақыт алады. «Қайрат» сапын толықтырған Бакаевтың көрсеткен ойыны «Ақтөбе» ойыншысы Тарас Царикаевқа қарағанда әлде қайда жоғары. Бұл тұрғыда алматылықтар шатаспапты. Ал, Плиев пен Маркович өздерін толық көрсете алмады. Матч барысында командаластарының ойынын толық түсінбей жатты кейде. Бауыржан Исламхан мен Милош Лачныға келер болсақ, олар артқан сенімді ақтамады. Жастар құрамасы сапында жарқылдаған Бауыржан «Қайратта» көзге түсе алмады. Лачны болса қарамаржан Момоду Сиссейдің көлеңкесінде қалып қойды. Сахалбаев пен Шестаковтың орнын басады деген Седельников пен Дарабаев та команданы әрлендірмеді.  

Сәуірдің үшінші жұлдызына дейін клуб жаңа, мықты ойыншылармен толығуы мүмкін. Бұрынғы Михаликтің орны ойсырап тұр, еңгезердей қорғаушыны жоқтатапайтын футболшы табылар ма екен?

 

Келесі ойын Вайсс үшін маңызды  

Екі жеңілістен кейін Владимир бапкердің орындығы шатқалаптап қалды. Сондықтан, «Ордабасыға» қарсы өтетін матчта үш ұпай алып еңсені тіктеу керек Вайссқа. Егер ойыншылар бапкерін құрметтесе келесі ойында намысқа тырысу керек. Шымкенттік клуб  жеңісті оңай бере қоймасы анық, себебі өздері де ұпайға зәру. Осыны ескерген жөн...

Әй, Кислицын-ай…

«Жетісуге» қарсы ойын алдындағы жаттығу барысында Жамбыл Көкеев Кислицынмен соқтығысып ауыр жарақат алды. Жамбылдың алаңға қайта оралу мерзімі әлі белгісіз. Кисаның Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ирландияға қарсы өткізген матчты еске түсті осы сәтте. 1:0 жеңіп тұрған кезде жоқ жерден 11 метрлік айыпдобын қарсыласқа сылағаны бар емес пе... Енді міне, «Қайрат» сапындағы үздік «хавбекті» «сындырып»  тағы бір «пайдасын» тигізді.

Сисейге жалбарыну

«Қайраттың» ойыншылары арасында бабына енген ешкім жоқ сияқты сырттай қарағанда. Жылдамдық нашар, пас алмасу төмен дәрежеде, ойыншылар бірін-бірі түсінбейді. Тек, осы қателіктерді жуып-шаятын гамбиялық ойыншы Момоду Сисей ғана. Ширақ қимылдап, дер кезде пас беретін, керек десеңіз екі-үш ойыншы алдап «Жетісудің» қақпасына қайшылап доп тебетін де Сисей ғой?! Бірақ Мәкеңнің де нәтижесі оңып тұрған жоқ. Былтырғы жылы үздік шабуылшылар қатарынан көрінген гамбиялық футболшы биыл бір гол соққан жоқ. Қайдан соқсын, пас шығаратын жартылай қорғаушылар болмаса...

Қатардан Сисейді алып тастаңыз, «Қайратымыз» шашылып қалады... Момоду мен Бакаевтан басқа іліп әкетер ойыншы жоқ құрамда. Давид Лория әлсіз қорғаушылардың кесірінен «таяқ жеп» жүр. Команданың рухын көтереді-ау деп жүрген Смақов та капитан құрлы болмады.  Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, «Кайрат» өз ойынын таппады. Бірақ, алдағы ойындарда бабына келіп, жақсы ойын өрнегін көрсетер деген сенім мол.