УЕФА-ға мүше барлық 54 қауымдастық 2018 жылдан бастап Ұлттар Лигасы турнирiн өткiзу туралы шешiмдi бiрауыздан қолдады.

Аталмыш конгресте «Ерлер құрама командалары арасында 2018-2022 жылдары А категориялы турнирлердi өткiзу туралы» қарар қабылданды. Онда атап көрсетiлгенiндей, бұл турнир ұлттық құрамалардың деңгейi мен мәртебесiн арттыратын болады және жолдастық кездесулердi түбегейлi алмастырмақ.

«Жаңа турнирдi өткiзуге қолдау көрсеткен УЕФА-ға мүше қауымдастықтардың бұл шешiмiн қабылдаймыз және үлкен сыйластықпен қараймыз», - дейдi УЕФА комитетiнiң басшысы Вольфганг Нирсбах. - «Бұл жаңашылдыққа жанкүйерлер де оң көзқарас танытады деп сенемiн».

УЕФА-ның Ұлттар Лигасы турнирi Еуропа чемпионатымен тығыз байланыста болады. Яғни турнир Еуропа бiрiншiлiгiне өтудiң қосымша мүмкiндiгi болмақ.

Турнирдiң нақты форматы әлi анықталған жоқ және ұлттық қауымдастықтар арасында өтетiн талқылаулар барысында жасақталады.