Швейцариялық Джанни Инфантино Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті болып қайта сайланды.

ФИФА конгресінің делегаттары сәрсенбі күні Парижде осындай шешім шығарды. Бұдан бұрын олар ұйым кеңесінің қағаз жүзінде дауыс беруден бас тарту туралы ұсыныс қолдап, Инфантиноны аккламация - қол соғып, шапалақтау арқылы сайлады.

Инфантино барлығына алғыс айтып, ФИФА-да жұмыс істеудің үлкен құрмет екенін атап өтті. 49 жастағы Инфантино ФИФА президенттігіне жалғыз үміткер болды.

Ол бұл ұйымды 2016 жылдан бері басқарады. Бұған дейін ФИФА-ға ірі жемқорлық дауы салдарынан жұмыстан шығарылған Йозеф Блаттер басшылық еткен болатын.