Бүгін Астанада «Барыс» хоккей клубы уфалық «Салават Юлаев» командасын қабылдайды. «Қазақстан» спорт сарайында өтетін ойынды «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Басталу уақыты – 19:00.
 
Естеріңізге сала кетейік, сериядағы есепте 3:1 есебімен уфалықтар алда келеді. Ал бұл серия төрт жеңіске дейін созылады, сондықтан бүгінгі ойында Ари-Пекка Селин шәкірттері жеңіске жету үшін бар күшін салуы керек.
 
Бұған дейін, Астанада өткен бірінші ойында «Салават Юлаев» овертаймда 3:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші ойында «Барыс» 5:2 есебімен ұтты. Сырт айдында уфалықтар 5:2 және 3:2 (ОТ) жеңіске жетті.
 
Айта кетейік, бұл ойынға қонақтардың шабуылшысы Егор Дубровский жарақатына байланысты қатыспайтын болды. Ол осы уақытқа дейін плей-офф сериясында алты ұпай жинап, үздік ойыншылар қатарына енген еді.