«Севилья» футбол клубының жаңа бас бапкері болып Хулен Лопетеги тағайындалды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Испаниялық клубтың ресми сайтында жазылуынша, 52 жастағы маманмен үш жылдық келісімшарт жасалды.

Айта кетейік, Лопетеги үшін өткен жыл сәтті болған жоқ. Испания ұлттық құрамасымен Ресейдегі әлем чемпионатына қатысқалы тұрған жерден қызметінен қуылды. Бұған себеп, ол «Реал» командасымен өз бетімен келісімшарт жасап, әрі оны әлем чемпионаты басталмай тұрып жариялап жіберген болатын.

Осындай үлкен тәуекелмен қолына алған «Реал» тізгінінде қазан айына дейін ғана отырды. Команданың нәтижесі тым төмен болғандықтан бұл қызметінен де қуылған еді.

«Реал Мадридтен» бұрын ол «Райо Вальекано», «Реал Кастилья», Испания жастар құрамасы және Испания құрамасын жаттықтырған.