Бір кездегі бітіспес жауларды Чемпиондар лигасының финалы біріктірді. Жозе Моуриньо мен Арсен Венгер BeIN Sports студиясына сарапшы ретінде келді.

Матч алдында Венгер «Ливерпульдің» жеңісіне толықтай сенімді болды.

- Статистика «Ливерпульдің» жағында. АПЛ-дағы ұпай саны, соққан-өткізген голдар. Оның үстіне былтыр ғана «Ливерпуль» финалда ойнады. Бұл басымдылық деп білемін.

Жозе Моуриньо ескі әдетіне басып, өмірдің әділетсіздігін тілге тиек етті.

- Финалдан кейін бір команда міндетті түрде жеңіледі ғой. "Маусым олар үшін сәтсіз болды" деп адамдар сын айтуға асықпаса екен. Бір команда кубок алады, екіншісі құр қол қайтады. Бірақ, бір бапкерді мақтап, бір бапкерді даттауға болмайды. Әділетсіздік! Бірақ, футбол да, өмір де солай.

Венгер мансабындағы финалдардың бәрінде дерлік жеңілген Клопптың психологиясына алаңдады.

- 8 финалдың 7-еуінде ұтылған бапкерге футболшылар қолдау көрсету керек. Жиі ұтыла берген сайын ішіндегі бір тылсым күшке қарсы күресетін сияқтысын. Ішкі ойын саған «біз тағы ұтылуымыз мүмкін» деп маза бермейді.

Матч алдындағы «Ливерпуль» жанкүйерлерінің әні Моуриньоның тұла-бойын шымырлатты.

Студияда аз уақыт үнсіздік орнады.

- Бұндай сәтте сөз айтудың өзі артық - деді Жозе.

Моуриньо мен Венгерге финал ұнамады.

Венгер: Матч тағдырын екі стандартты жағдай шешіп кетті. «Ливерпуль» де, «Тоттенхэм» де өз деңгейлерінің жартысын да көрсете алмағанына мен сенімдімін. «Тоттенхэм» бұл матчта жеңіске жете алатынына сенбеген секілді.

Моуриньо: Егер бұл АПЛ-дың ойыны немесе Лига кубогының финалы болғанда өте нашар баға беретін едік. Әйткенмен, бұл Чемпиондар лигасының финалы ғой. Эмоцияның өзі неге тұрады.

Бір финалды жеңілу ауыр соққы. Екеуінде сүріну тіпті, қасірет десек те болады. Клооп үшін қуаныштымын. Бірақ, Почеттиноға да жаным ашиды. Төрт жыл «Тоттенхэмде» жақсы жұмыс істеп келеді. Бірақ, әлі бірінші трофейін күтіп жүр.