Қазақстан спортшылары тарапынан допинг пайдалану жағдайлары төмендемей тұр. Бұл туралы Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов айтты.

«Қазақстанда допингке қарсы үйлестірілген бағдарлама жұмыс жасауда, оның ішінде жас спортшылар арасында ақпараттық-профилактикалық шаралар қамтылған. Осы орайда 600-ден астам тақырыптық семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылып, оған10 мыңнан астам спортшы қамтылды», - деді Е. Рамазанов.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы тиісті оқыту шаралары аясында онлайн бағдарлама іске қосылды.

«Кеңінен жүргізіліп жатқан насихат шараларына қарамастан, допингті пайдалану жағдайы азаймай келеді. Соңғы 5 жылда Қазақстан спортшылары тарапынан допинг пайдаланудың 263 оқиғасы анықталды», - деді ол.

Елдос Рамазановтың айтуынша, көп жағдайда кәмелетке толмаған спортшылар арасында допинг анықталуда.