Михаил Кукушкин мен Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 55-орында тұрған словакиялық Мартин Клижанмен кездесті. Алғашқы екі партияда қазақстандық теннисші 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Осыдан кейін бір сетті алса, жетіп жатыр еді. Алайда ойын тізгінін қолына алған словакиялық теннисші 6:4, 6:2 және 6:3 есебімен матчты өз пайдасына шешті. Тартысты бәсеке 3 сағат 50 минутқа созылды.

М.Клижан екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, франциялық Лукас Пуильмен кортқа шығады. Әйелдер арасында рейтингте 141-орында тұрған Елена Рыбакина да жарыс жолынан шығып қалды. Ол әлемнің 42-ракеткасы, чехиялық Катержина Синяковаға 6:7 (5:7), 1:6 есебімен есе жіберді.

Осылайша жекелей сында «Ролан Гаррос» турнирінде Қазақстаннан Зарина Дияс пен Александр Бублик қана қалды.