Қазақстан Премьер-Лигасының 2 туры аясында талдықорғанның «Жетісуы» мен алматының «Қайраты» кездесті. Айта кетерлігі, алдын ала жоспарланғандай матч Талдықорғанда емес, Алматы қаласының Орталық стадионында өтті.­­­ Өкінішке қарай, ойын алдында жарақат алған Жамбыл Көкеев кездесуге қатыса алмады. 

Алғашқы бес минут Қайрат ойыншыларының басымдығымен өтті. Талдықорғандықтар өткір шабуылдармен жауап беріп тұрған. Ортадан пас алған Сергей Шафф допты қақпа бағанасынан асырып тепті. «Қайрат» ойыншылары лезде жауап қайтарды. Командаға жаңадан қосылған Заурбек Плиев алаң ортасынан суырылып шығып, Сиссейге тамаша пас шығарды. Момоду тепкен доп қақпаға тура бағытталғанымен Плотников қауіп бетін қайтара білді.  Ойынның 14-ші минутында Сиссей жас дарын Бауыржан Исламханды қақпашымен жеке шығарды. Қақпаның тоғыздығын көздеген Бауыржанның соққысын орта жолда Плотников қайтара білді. «Жетісу» ойыншылары аспай-саспай өз жорығын бастады. Орта шеппен шабуыл бастаған талдықорғандықтар діттегеніне жетті. Заречныйдың соққысын Лория қайтарғанымен, қаңғыған допқа бірінші болып Сергей Шафф жетті. Есеп - 1:0.  Алматылықтар есе қайтаруға асықты. Орта шеңбер маңынан айып добын Бауыржан Исламхан орындаған болатын. «Қайраттың» қара маржаны Момоду Сиссей допқа бірінші жетіп, қайшылап тебеді. Алайда, доп қақпа маңынан өтіп, Едигарянның аяғынан табылады. Артур қақпа торын «бүлк» еткізді… Алайда сырт жағынан. Бірінші таймның соңына таман Владимир Вайсстың шәкірттері ұйқыдан оянғандай. Бірақ бас төрешінің ысқырығы алғашқы кезеңнің аяқталғанын баяндады.

Ойынның екінші жартысы бірқалыпты жылдамдықпен өтті. «Қайрат» ойыншылары көп шабуылдады, бірақ «жетісулықтар» қорғаныста сауатты ойнады. Бұл дегеніміз, Омари Тетрадзенің жаттықтырушылық тұрғыдағы біліктілігін көрсетеді. Владимир Вайсс тыңнан үш ойыншы шығарды. Бірақ, олардың да көмектескені шамалы. Матчтың аяғында алаң ортасында айып добын Тәтішев керемет орындады. Лорияда өз шеберлігін көрсетті. Ойынның қалған жартысында аса қауіпті шабуылдар болған жоқ. Алматылықтар барынша қарсылас қақпасынан саңылау іздегенімен, барлығы сәтсіз болды. Қорытынды нәтиже – 1:0

Қазақстан Чемпионаты. 2-ші тур.«Жетісу» - «Қайрат» - 1:0 (1:0)Голдар: Шафф 22«Жетісу»: Плотников, Шафф, Джалилов, Заречный (Тәтішев 73), Ковалев, Климавичус, Данилюк, Зотов (Радионов 45), Сариев, Әділханов, Путинчанин«Қайрат»: Лория, Плиев, Гурман (Бауыржан 60), Маркович, Смақов, Исламхан, Кнежевич (Кислицын 60), Бакаев, Едигарян, Сисей, ЛачныТөрешілер: Алешин (Павлодар), Обрадов, Богданов (екеуі де Семей)22 наурыз 2014 жыл. Алматы. Орталық стадион