Соңғы уақытта көрермендер мен сарапшылар «Qazsport» телеарнасына түрлі сындар айтып жүр. Сондай сындардың бірі футзалдан Алматыда өткен Чемпиондар лигасының матчтарын көрсетпеуінен соң айтылды. Осы орайда елімізге танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында телеарна мен оның бас директоры Павел Цыбулин жайлы ойын айтты.

- Ермұхамед, сіз еліміздегі ең үздік спорт комментаторларының бірісіз. Қазір немен айналысып жүрсіз және эфирден даусыңызды қашан ести аламыз?

- Қазір ешбір арнада спорт матчтарын жүргізбеймін. Анда санда «Хабар» телеарнасындағы спорт трансляцияларында комментатор болып тұрамын, оның өзі жиі бола бермейтінін білесіздер. Одан бөлек, Қазақстан Премьер-лигасы мен Кубогының матчтарын көрсететін ПФЛК-ТВ жобасында істеп жүрмін. Қазақстандағы футбол матчтарын елімізде ешбір телеарна көрсетіп жүрген жоқ.

- Сіз «Qazsport» телеарнасының көрермендерін өз даусыңызбен қуантып жүрген едіңіз. Бірақ кетіп қалдыңыз. Бұған басты себептер қандай?

- Менің «Qazsport» арнасынан кетуіме түрлі себептер бар. Маған жала жабылды, бірнеше орынсыз сөгістер айтылды. Мұның бәрі басшылықтың қызметкерлермен дұрыс тіл табыса алмауынан болып отыр. Менен кейін телеарнада істеп жүрген он шақты қызметкер де кетіп қалды. Олар мықты режиссерлер мен журналистер болатын. Соны да ескере кету керек. Тек мен сәл танымалдау болғасын, менің кеткенім көрініп қалды. Негізі, жұмыс істеуге қолайлы болмағандықтан, телеарнадан болашақ көрмегендіктен бірнеше мықты қызметкер кетіп қалды.