«Қайрат» футзал клубының қақпашысы Игита Prosports.kz тілшісіне УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы «Барсаға» қарсы матчты қорытындылап берді.

- Төрт жыл күткен финалға да жеттік. Сөзім жоқ. Бірінші кезекте, бізге қолдау көрсетіп, алға жетелеген жанкүйерлерімізге алғысымды айтқым келеді. Осындай атмосферада ойнаудың өзі бір ғанибет. Алда финал күтіп тұр.

- Финалға қай команданың өткенін қаладыңыз?

- Шынымды айтсам, «Интерде» кеткен есеміз бар еді. Дегенмен «Спортинг» әділ өтті. Олар өздерінің деңгейін көрсетті. Мұны сенсация деп айтуға болмайды. «Спортинг» екі жыл қатарынан финалға жолдама алып отыр. Ақтық кезеңге екінің бірі жете бермейді.

Финалда өте ауыр болмақ. Кубок Алматыдан кетпесе екен деген тілегім бар.

- «Қайрат» «Барсаны» осымен қатарынан үшінші мәрте жеңді. «Барсаны» «Қайраттың» оң жамбасына келетін команда деуге бола ма?

- Үшінші матчтан кейін олар «бұл команданы қалай жеңсек болады» деп ойлап отырған шығар. Бұл матч «Барсаның» есінен кетпейтіндей болды.

- Биыл турнир алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтіп жатыр. Өзгерістер байқалды ма?

- Иә, әрине. Чемпиондар лигасы - әдемі атау. Алғашқы жарыс та біздің елімізде өтіп жатыр. Чемпиондар лигасының алғашқы жеңімпазы атанып, тарихта қалғымыз келеді.

Айта кетейік, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында Испанияның «Барса» командасын жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды. Ал Игита матчтың үздік ойыншысы атанды.