Нью-Йоркте WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлемнің супер чемпионы Бейбіт Шүменовтің кезекті жекпе-жегіне байланысты баспасөз жиыны өтті.

Бейбіттің 19 сәуір күні Американың 49 жастағы, есімі төрткүл дүниеге мәшһүр тарланбозы Бернард Хопкинспен қолғап түйістіретінін білесіздер. Ол – IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы.

Нью-Йоркте өткен баспасөз жиынында кәсіпқой бокстың дәстүріне сай екі боксшы бір-біріне қарама-қарсы тұрып, көздерімен арбасты.

Әу баста бұл жекпе-жек Нью-Йорктегі Бруклинде өтеді деп айтылған. Бірақ Шүменов пен Хопкинс Вашингтонда шаршы алаң көрігін қыздыратын болыпты.

30 жастағы қазақ боксшысы шетелдік журналистерге, атап айтқанда, Ringtv.com тілшілеріне берген сұхбатында былай депті:

– Хопкинс – кәсіпқой бокс тарихындағы ең үздік чемпиондардың бірі. Мен Бернард секілді атақты һәм даңқты боксшымен әлі кездескен емеспін. Бұл менің ең ауыр жекпе-жегім болады. Мен оның айқастарын зерттеп, саралап жүрмін. Әр жолы мен оның өнерінен тың бірдеңе байқаймын. Бернардпен айқасқанда өте сақ болу керек, ол кездейсоқ қимыл-әрекет жасап отырады. Ол кез-келген стильді қолдана алады. Мен енді ерен боксшымен болатын жекпе-жеккке мұқият дайындығымды күшейтуім керек.