Бүгін Алматы қаласында футзалдан жылдың басты айқасы басталады. "Алматы Арена" әлемнің төрт үздік командасының басын қоспақ.

Атап айтар болсақ: Португалияның "Спортингі", Испанияның "Интері" мен "Барселонасы" және ел үмітін арқалап отырған "Қайрат" ұжымы. Өз топтарынан үздік нәтиже көрсетіп, ақтық сынға жолдама алған бұл төрт команда УЕФА Чемпиондар лигасының кубогы үшін таласады.

Бұл спорт түрін бұрыннан бақылап жүрген жанкүйерлер футзалдан бөлек мини-футбол бар екенін біледі. Алайда футболдан жақсы хабары барлардың өзі футзал мен мини-футболдың айырмашылығын біле бермейді. Көбінесе екеуін спорттың бір түрі деп шатысады.

Осы олқылықтың орнын толтырып көрейік. Футзал мен мини-футболдың айырмашылығы неде?

Ең біріншіден жарысты қай ұйымның өткізіп жатқанына мән беру қажет. Халықаралық футзал қауымдастығы (AMF) залда өтетін жарыстарды ұйымдастырса, ашық алаңда өтетін турнирлерге Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығы (FIFA) жауапты. Алғашқы айырмашылық - жарыстың ұйымдастырушысы мен ойнайтын орны.

Ал бұл екі спорт түрінің ережелері бір-біріне ұқсас келеді. Алаңның көлемі, ойыншылар саны, тәртіп сияқты. Допты ойынға қосу, қақпашыға пас беруде сәл-пәл айырмашылық бар. Мысалы, футзалда ауттан допты қолмен, ал мини-футболда аяқпен қосады.