ММА спортшысы, аса жеңіл салмақта (56 кг) Fight Nights Global чемпионы қазақстандық Жалғас Жұмағұловты UFC бұрынғы файтері Али Багаутинов жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

6 сәуірде, Мәскеуде FN Global 92 турнирінің басты жекпе-жегінде Али Багаутинов Вартан Асатрянмен кездесті. Бес раундқа созылған кездесуде Багаутинов төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Турнирден соң Али қазақстандық аралас жекпе-жек щебері Жалғас Жұмағұловты жекпе-жекке шақырды. Ресейлік файтердің айтуынша, «Жако» Қазақстаннан тыс жерде онымен кездеспейтінін, шайқастың өтуі қиынға түсуі мүмкін екен.

Алайда, Жұмағұлов өзінің Prosports.kz-ке берген сұқбатында кез келген мемлекетте төбелесе беретінін жеткізді.

12 сәуірде Багаутинов өзінің «Инстаграм»-парақшасында қазақстандық файтерге қарсы мынадай мәлімдеме жасады.

«Жалғас, философиялық ой-толғауларды доғарайық. Екеуміз бармыз және мықтыға табысталатын FN белбеуі бар. Әзірге ешқандай жоспарым жоқ. Сенің шешіміңді күтіп жүрмін. Немесе сенің сөзіңше, менімен жекпе-жекте өлуге дайын емес екенсің...Қорықпа, сені өлтірмеймін, тірі жүр әзірше))). Әңгіме болмас үшін нейтральды алаңда өткізгеніміз дұрыс. Алға! Мысалы, әлемдік спорт астанасы - Сочиде. Баку... Душанбе... Ұсыныс тастаңдар, достар, қарастырайық??)», - деген Багаутинов.

Жұмағұловтың айтуынша, егер алдағы уақытта UFC компаниясымен келісімшартқа отырмаса, Али Багаутиновпен жылдың соңында кездеседі.