Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) ертең, яғни 12 cәуір күні АҚШ төрінде кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Бұған дейін бес кездесуді өз пайдасына шешкен Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегінде 2 бірдей чемпиондық белбеуге таласқалы отыр. Лос Анжделесте өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығатын Жәнібек мексикалық Кристиан Олливаспен (16-4, 13KO) жұдырықтасады. 10 раундқа жоспарланған бұл жекпе-жекте WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.

Бүгін қос боксшы жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Жәнібектің салмағы орта салмақ лимитімен дәлме-дәл сәйкес келіп, таразыда тура 160 фунтты көрсетті. Ал оның қарсыласы Кристиан Олливастың салмағы 159,2 фунт тартты.

Аталған жекпе-жек 13 сәуір күні елорда уақытымен 07:00-де Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.