Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншысы Аида Гайстенова Ресейдің жоғары лигасында бақ сынайтын «Звезда-2005» командасымен келісімшартқа отырды, деп жазады prosports.kz сайты.

Қазақстандық футболшы жаңа командасына «Енисеймен» келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін еркін агент ретінде ауысты. «Звезда-2005» Гайстеновамен бір жылға жарамды келісімшартқа қол қойды.

Отандасымыз жаңа командасында 51-ші номермен өнер көрсетеді. Бұның себебі Аиданың мүддесін қорғайтын fiftywan inc компаниясының ережесіне сай, осы ұйыммен жұмыс істейтін барлық спортшы 51-ші номермен ойнауы керек.

Гайстеноваға бірқатар еуропалық клуб қызығушылық білдірген. Алайда қазақстандықтың таңдауы Пермь қаласының командасына түсті.

Айта кетейік, «Звезда-2005» - өз елінің алты дүркін чемпионы. Бұған қоса ел кубогын да 6 мәрте жеңген. 2009 жылы әйелдер арасындағы чемпиондары лигасының финалына шыққан.

Қазақстандық қыз әлемнің ең сұлу футболшылары рейтингісіне енді