Жастар арасындағы Еуропа чемпионаты жыл өткен сайын барынша танымал болып келеді. Болашақ футбол жұлдыздарының алғашқы қадамдары мен аяқ алыстарын бақылау қызықтырар жайт. Осы іріктеу кезеңінде «дарынды жастар»  өздерін барынша көрсетуге тырысады. Себебі талай құрама финалдық кезеңге жетпей сүрінеді. Жас ойыншылардың өнерін тамашалау әрқашан қызықты, өйткені олар жанкйер үшін ойнағысы келеді. 2014 жылдың 5 наурыз күні Қазақстан жастар құрамасы (U-21) «Астана-Аренада» Исландия жастар құрамасынан кеткен есесін қайтаруға тырысады. Исландия жастары Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі топта өздерінің екінші орынын нақты айқындап алды. 

Арал тұрғындары жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ең мықты деген басты фаворит Франция құрамасынан ғана ұтылған. Футболшылар бір-бірінің қақпасын бірнеше рет дәл көздеді, ойын 3:4 есебімен аяқталды. Исландия футболшылары шеберлігі мен мықты техникасы арқасында француз ойыншыларын шыр айландырып, аяқтарына доп тигізбеген. Қорғаныста да сауатты әрекет етіп француздардың қауіпті шабуылдарын тоқтата білді. Аралдарықтар сапында бес ойында жеті допты қарсыластарының қақпасында тулатқан Эмил Атласонды ерекше атап өткен жөн және Йон Бедварссонды да ұмытпау керек, себебі дәл осы болашақ жұлдыз Эмилге бірнеше рет сәтті пас шығарып берген болатын.

– Йон Бедварссон – болашағы зор ойыншы, – дейді даңқты исланд шабуылшысы Эйдур Гудьонсен. – Мұндай футболшылар елімізде сирек кездеседі. Исландия халқы оның ұлттық құраманы биік белестерге жеткізетін жаңа көшбасшысы болатынана кәміл сенеді. Жалпы алғанда, қазіргі құраманың сапында кілең талантты ойыншылар топтасқан.

«Біз құраманы бастан-аяқ жаңадан жасақтадық, бұл жерде әр футболшының өзінің маңызды рөлдері бар. Біздің күшіміз – әр ойыншыда. Жігіттер шапшаң қимылдайды, матчта соңына дейін әр доп үшін талас жүргізеді. Соңғы жолдастық кездесу мен бірнеше жаттығулардан кейін болашақта қалай ойнайтынымызды нақтылап алдық.

Кезінде түріктің «Бешікташы» мен немістің «Герте» сапында өнер көрсеткен білікті маман Қазақстан құрамасы туралы сөз қозғады: «Қазақстан – мықты құрама, бірақ біз жолдың қашықтығына және уақытта үлкен айырмашылық барына қарамастан үш ұпайды қанжығамызға байлап кетуге тырысамыз. Темірді қызған кезінде соқ демекші, топта тек екінші орынмен шектеліп қалмай, бірінші орынға да таласытын боламыз. Әйткенмен, француздар мықты, бірақ біз аяғына дейін күресеміз және Қазақстан осы жолдағы бір кезеңі», – дейді исландықтардың бапкері Сверриссон.

Біз талантты жастардан кенде емеспіз. Қазақ футболының болашақ жарық жұлдызы Бауыржан Исламхан. Роман Мұртазаев, Абзал Бейсебеков, Александр Ульшин, Стас Покатилов секілді бір топ талантты жастар ұлттық құраманың нақты ізбасарлары. Біздің аяқдопшыларымыз бапкер ауысқаннан кейін армяндардан өз жерінде кеткен есесін қайтарып алды. Стас Покатиловтың шеберлігінің арқасында екінші ұпайға қол жеткіздік. Егер біздің футболшылар үшінші орынды сақтап қалса да жаман нәтиже болмас. Аралдықтарды синтетикалық алаң мен қолайсыз ауа-райымен үркете алмасымыз анық, сондықтан алдағы ойын өте тартысты өтеді. Әр ойыншы үш ұпай үшін барын салатыны анық.

Бүгін, наурыздың 5-і күні футболдан Қазақстанның жастар құрамасы «Астана Аренада» Иcландияны қабылдайды. Матчтың басталу уақыты 19.00-де.

Айбар РЫСДӘУЛЕТ