Ағаларының ізін ала «Кіші Барыс» та плей-офф бәсекелеріне жолдама алды. «Кіші» деп отырғанымыз – жастар лигасында өнер көрсететін Астананың «Снежные Барсы» ұжымы. 

Аты құлаққа түрпідей тиеді. Шіркін-ай, спорт саласын басқарып отырған шенділеріміздің арасынан осы команданың атауын қазақылауға ықпал ететін біреудің табылмағанына қайран қаласың. 

Тіпті басқа ат іздемей-ақ, «Қар Барысы» дей салуға да болар еді ғой. Жоқ тағы да қа­зақы әріптен қашамыз ба? Құрамында қазақ жастары бар, Қазақ елінің астанасына тиесілі ұжымның атауын өзгерту, әділеттілік орнатуды енді спорт саласын басқарып жүрген атқамінерлерге қалдырайық. Олар аспаннан жерге түсіп, «Снежные Барсы» деген ұжымды тілімізге икемдейді деп се­неміз.

Әзірге бұл ұжымды «Қар Барысы» де­сек, ешкім сотқа бере қоймас. Жастар ли­га­сындағы өрендеріміз алғаш рет плей-офф сынына қатысқалы отыр. Ғалым Мәм­бе­тә­лиевтей бауырымыз жаттық­тыратын командамыз тұрақты біріншіліктегі соңғы кез­десуін өз мұзайдынында өткізген бо­ла­тын. Астанаға бұл жолы Тольяттидің «Ла­да» ұжымы ат басын бұрған. Қазақ хоккейшілері алыстан келген қонақтарына қонақжайлы­лық та­нытпады. Ойын 10:0 есебімен жаста­ры­мыздың пайдасына аяқталды. Кездесу барысында Ярослав Евдокимов үш рет қақпа кілтін тапса, Никита Михайлис пен Артем Лихотников екі мәртеден шайба соқ­ты. Сол сияқты Азат Мәмбетәлиев, Нұр­лан Қабиев, Антон Сагадеев сынды жер­лестеріміз де «Лада» қақпашысын сан соқ­тырды. 

Соңғы бәсекедегі жеңіс «Барыстың» іні­сінің ұпай қорын 76-ға жеткізді. Біздің ұжым өз дивизионы бойынша 13-сатыға жай­ғасты. Айта кетейік, плей-офф ойын­д­арына әр дивизионнан үздік шыққан он алты-он алтыдан 32 ұжым қатысады. «Қар Барысының» ізін ала, турнир кестесінің 14-сатысына Түменнің «Тюменский ле­гион» командасы орналасты. Бұл ұжым 56 кездесуде 74 ұпай жинады.

2011 жылы құрылған жастар коман­да­мыз енді плей-офф бәсекесінде «Мамонты Югры» клубымен шеберлік байқасады. 1/16 финалдың алғашқы кездесуі 2 наурыз­да өтеді. Аталған команда біріншілік бары­сында тамаша өнер көрсетіп, біздің ди­ви­зионда 4-сатыға тұрақтаған болатын. 

«Барыс» пен «Мамонт» біріншілік ая­сын­да өзара екі рет кездесіп, кезек-кезе­гімен жеңіске жеткен еді. Демек, турнир кесте­сінде жоғары тұрғанына қарамастан, аталған ұжымды жеңуге мүмкіндігіміз бар. Жаста­рымызға сәттілік тілейміз!