Илья Авербухтың шоуына қатысу үшін Алматыға ат басын бұрған мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева Prosports.kz тілшісіне сұқбат берді.

- Бір күнге ғана жолым түскені өкінішті-ақ. Алматыда осылай қарсы алады деп күтпедім. Қуаныштымын. Илья Авербухтың шоуы мен үшін Қазақстандағы алғашқысы болмақ. Көрермендер көп жиналса екен деймін. Әрқайсыңызды көруге қуаныштымын. Қолдауларыңыз үшін көп рақмет.

- Элизабет, әлем чемпионатындағы жетістігіңізден кейін қандай күй кештіңіз?

- Бір-ақ күнге демалыс алдым. Сосын жаттығуға қайта кірісіп кеттім. Кеше мұзайдында болдым, ал бүгін шоуға қатысу үшін ұшып келдім. Жүлде - әрине жақсы, бірақ жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды.

- Төрт айналым әдісін үйрену қиынға соқты ма?

- Бұл әдісті ұзақ уақыттан бері қайталап жүрмін. Дегенмен жарақатым болған сәтте уақытша тоқтататынмын. Жаттықтырушылардың көмегімен сайыста осы әдісті қолдана алдым. Бұған дейін бұл туралы ойламаған едім. Өте қиын әдіс. Әлем чемпионатына дейін екі жарыста төрт айланым әдісін жасап көргім келді. Алайда қолымнан келмеді.