«Ертіс» футбол клубының ойыншылары келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленетін наурыз көжесін дайындады. Мерекелік тағамның қалай әзірленетіндігін «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің белсенділері, ақ жаулықты аналар Сарсенбаева Астерхан Шойынбайқызы және Уақпаева Құралай Мұхамедшәріпқызы көрсетті.

Мерекелік дастарханда әжелерімізге Роджер Каньяс, Патрик Хиди, Момоду Сисей және Аслан Дарабаев көмектесті. Олар және команданың өзге мүшелері көжеге қажетті жеті түрлі тағамдардың тарихы жайлы мағұлмат алды. Мысалы, су-өзеннің символы іспеттес. Осы орайда, жиналғандар біздің футбол клубымыздың есімі мен «Ертіс» өзені аттас болғандықтан, бұл жерде ерекше байланыс бар екендігін тілге тиек етті. Наурыз көженің өзі де, келер жылғы тоқшылық пен ырыстың, құттың нышаны болып табылады.

Құрамында көптеген шетелдіктер бар команда мүшелері үшін Астерхан Шойынбайқызының ағылшын тілінде еркін сөйлеуі нағыз тосын сый болды. Зейнеткер әжеміз, ағылшын тілі мұғалімі болып табылады екен. Ойыншылар мен жаттықтырушылар үшін наурыз мейрамы, қазақ дәстүрі жайлы мәліметтерді ағылшын тілінде дайындады. Ал Құралай Мұхамедшәріпқызы домбырамен ән айтып, көпішіліктің жоғары бағасын алды. Мерекелік жиынды әжелеріміз Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнімен аяқтады. Футболшылар белгілі әннің қазақ, орыс және ағылшын тілінде орындалғандығына ерекше тәнті болып, ақ жаулықты аналарымызға алғыстарын білдірді.