Осы жылдың басында 13 депутат Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған. Онда көптеген жыл бойы отандық футбол жанкүйерлерінің көкейінде жүрген бірнеше сұрақ қарастырылған, деп жазады prosports.kz.

Мәжіліс депутаттары футболға көп ақша жұмсалатынына наразылық білдірді. Оның үстіне бұл ақшалар тиімсіз пайдаланылып отырғаны айтылды. Депутаттық сауалға қол қоюшылар мынадай нақты талаптар ұсынды. Біріншіден, депутаттар футбол клубтарының шығындарының бірыңғай нормативін белгілегісі келеді. Екіншіден, отандық жас футболшыларды даярлау үшін шетелдік мамандарды тарту мәселесі. Үшіншіден, легионерлер санын азайту және отандық жас футболшыларға мүмкіндік беру. Ең маңызды футбол командаларының бюджеттерін жоспарлау мен жұмсаудың негізділігін тексеруді, сондай-ақ, шетелдіктер алдында пайда болған берешектің себептерін анықтауды талап етті.

Жаңа Премьер-министр Асқар Мамин депутаттардың сауалына жауап берді. Бірақ, Үкімет басшысының жауаптарынан көтерілген мәселелерді реттейтін нақты ұсыныстарды анықтау мүмкін болмай отыр.