Францияның Ницца қаласындағы ЕУРО-2016 іріктеу кезеңінің жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Голландия, Чехия, Түркия, Исландия және Латвия құрамаларымен бірге «А» тобына түсті.  «PRОСПОРТ Қазақстан» тілшісі біздің топтағы барлық құрамаларға қысқаша шолу жасап көрмек.

Голландия құрамасы

ФИФА рейтингісінде: 10

Бас бапкері: Луи Ван Галь

Капитаны: Робин ван Перси

Стадионы: «Амстердам Арена»

Жетістіктері: ЕУРО-1988 жеңімпазы,  ӘЧ – 1974, 1978, 2010 - «күміс» жүлдегері

Жазда Голландия құрамасы әлем чемпионатында оныншы рет өнер көрсетеді. «Қызғылт сарылар» үш рет әлем мундиальінің ақтық кездесуінде ойнады, дегенмен барлығында жеңіліс тапты. 2010-шы жылы финалда испандықтардан жеңілсе, 1974-ші және 1978 жылдардағы финалдық матчтарда ФРГ мен Аргентинадан ұтылды. Әйгілі бапкері Ринус Михелс бастаған голландиялықтар Рууд Гуллит, Ван Бастен секілді мықты ойыншылардың көмегімен 1988 жылғы Еуропа чемпионатының финалында КСРО-дан басым түсті. Ал 2004-ші жылы олар жарыс жолында Чехия мен Латвияны артта қалдырып, жартылай финалға дейін шыққан еді.

Чехия құрамасы

 

ФИФА рейтингісінде: 31

Бас бапкері: Павел Врба

Капитаны: Петр Чех

Стадионы: «Дженерали Арена»

Жетістіктері: ЕУРО-1996 «күміс» жүлдегері, ЕУРО-2004 жартылай финалисі

Чехия мемлекеті тәуелсіздік алғалы бері оның футбол құрамасы бірде-бір  Еуропа чемпионатынан қалыс қалған емес. 1996-шы жылы ЕУРО-да бірінші рет бақ сынап «күміс» медаль иеленді. Ал ЕУРО-2004-те олар жартылай финалға дейін жетті. Ян Коллер, Милан Барош пен Томаш Росицки бастаған құрама команда тамаша нәтижеге қол жеткізген болатын (Мирослав Беранек сол кездері бас бапкердің көмекшісі жұмысын атқарған). Тек қана, алаң иесі Португалиядан жартылай финалдағы тартысты кездесуде 2:3 есебімен ұтылып қалды. 

Түркия құрамасы

ФИФА рейтингісінде: 42

Бас бапкері: Фатих Терим

Капитаны: Эмре Белезоглу

Стадионы: «Олимпийский Стамбул»

Жетістіктері: ЕУРО-2008 жартылайфиналисі, ӘЧ-2002 «қола» жүлдегері

Австрия мен Швейцарияда өткен ЕУРО – 2008-де түріктер Еуропа чемпионатындағы ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді. Тартысқа толы ширек финалда пенальти сериясы бойынша түріктер Хорватиядан басым түсіп, ары қарай өтті. ЕУРО-98-де олар топтық кезеңдегі барлық матчтарында жеңіліс тапқан. Артынша, ЕУРО-2000-да ширек финалда сүрінді.

Исландия құрамасы

ФИФА рейтингінде: 48

Бас бапкері: Ларс Лагербек

Капитаны: Эйдур Гудьонсен

Стадионы: «Лёйгардальсвётлюр»

Жетістіктері: жоқ

Исландия құрамасы қарқынды дамып келеді. 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде олар жақсы нәтиже көрсетті. Ұзақ жылдар бойы Швеция құрамасын басқарған Ларс Лагербек Исландияны плей-офф кезеңіне дейін шығарды. Бірақ, өкінішкен қарай, арал тұрғындары Хорватия құрамасына кеп тірелді. Қос кездесуінің қорытындысы бойынша олар 0:2 есебімен ұтылып қалды. Ал бігінгі таңда Исландия құрамасында дені жастардан жасақталған. Оларға үлкен сенім артылды.

Латвия құрамасы

ФИФА рейтингісінде: 111

Бас бапкері: Марьян Пахарь

Капитаны: Каспар Горкш

Стадионы: «Сконто, Рига»

Жетістіктері: ЕУРО-2004 топтық кезеңінде 4-ші орын

ЕУРО-2004 іріктеу кезеңінің топтық бәсекесінде 2-ші орын алған Латвия құрамасы талай жұртты назар аудартқан. Онда, Александр Старковтың командасы Швециядан кейін екінші орын алған болатын. Кейін, плей-офф кездесуінде 2002-жылдың қола жүлдегері Түркияны тізе бүктірді. Өз алаңында 1:0-мен жеңіске жетсе, қарымта ойында, Стамбулда 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша, Латвия құрамасы финалдық кезеңге жолдама алды. Балтықтар топтық кезеңде Чехиядан (1:2) және Голландиядан (0:3) ұтылса, соңғы турда Германиямен 0:0 есебімен тең түсті. Қазіргі таңда осы нәтиже Латвия тарихындағы ең биік көрсеткіш болып есептеледі.

Қазақстан құрамасы

ФИФА рейтингісінде: 128

Бас бапкері: Юрий Красножан

Капитаны: Қайрат Нұрдаулетов 

Стадионы: «Астана Арена»

Жетістіктері: Жоқ

Қазақстан Республикасының футбол Федерациясы тәуелсіздік алғаннан кейін Азия конфедерациясына енген болатын. Тура он жылдан кейін, 2002 жылы Рахат Алиевтің зор еңбегімен УЕФА-ның мүшесі атандық. Ұлттық құрамамыз Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңде екі рет өнер көрсеткен. ЕУРО-2008-ге іріктеуде біздің құрамамыз сегіз команданың ішінде алтыншы орын алды. Әзірше бұл біздің ең үлкен жетістігіміз деп саналады. Тура төрт жылдан кейін футболшыларымыз қайтадан алтыншы болды. Бұл жолы алты құраманың ішінде. Алда - ЕУРО-16. Бас бапкер Юрий Красножанға Федерация басшылығы үлкен талаптар қойып отыр. Ең жақсы болжам бойынша командамыз – топта 4-ші орын алады деп отыр мамандар. Көрерміз, нәтиже - уақыт еншісінде.

Авторы: Қайсар ОҚАС