Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың даму деңгейі көңіл көншітпейтін. Қазақстан - «сырғанай алмайтын» мемлекеттер қатарында болған еді. Ал бүгінгі таңда, дарынды спортшымыз Денис Теннің арқасында мемлекетімізге деген көз қарас мүлдем өзгерді. 

Денис Тен - отандық мәнерлеп сырғанау спортының символына айналды десек артық айтқанымыз емес. Ол Қазақ спорты тарихында олимпиадалық медаль еншілеген тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы. 

Жас спортшымыздың алғашқы бапкері Айгүл Қуанышева «PROСПОРТ Казахстан» тілшісіне Сочиде өткен олимпиада жайлы баяндап, Денистің көрсеткен өнеріне баға берді.

- Айгүл Қамысбайқызы, Ақ Олимпиадада Денистің көрсеткен өнеріне баға берсеңіз...

- Денис кез келген жарысқа тыңғылықты дайындалып үлкен жауапкершілікпен аттанады. Олимпиадаға бір күн қалғанда Қазақстан Республикасының бас бапкері Құралай Ұзұровамен бірге спортшымыздың 2 жаттығуына қатысып, оның Олимпиадаға жақсы дайындықпен келгеніне көз жеткізген болатынбыз. Бірақ, қысқа бағдарламадан кейін Денис 9-шы нәтиже көрсетіп, барлығымыз уайымдадық. Тіпті кейбір жанкүйерлерміз «енді медальға үмітіміз жоқ» деп қамықты, Денистің жеңісіне сенбеді. Бірақ біз сендік, үмітімізді үзбедік. Еркін бағдарламадан соң үлкен өзгерістер болатынын білдік, ал Денистің еркін бағдарламасы эмоционалды тұрғыдан өте мықты болатын.

- Қысқа бағдарламадан кейін Денис 13-ші болып өнер көрсетті. Әлгі сан «сәтті» болғаны ғой? 

- Білесіз бе, 13-ші нөмір Денистің өмірінде жиі кездеседі: туылған күні де 13-і және дәл осы реттік санмен ол көптеген жарыстардың жеңімпазы атанған болатын. Біз еркін бағдарламаны тамашалауға бара жатқан кезімізде алдымыздан Кеңес Одағының еңбек сіңірген бапкері Май Ундеевич Хванды кездестірдік. Ол кісі: «Денистің жолы болсын деп мына менің алтын медалімді беремін»,- деп алқасын сыйлады. Мен медальді тағып, оны жақсылықтың нышаны деп білдім. 

- Нәтиже белгілі болғанда кандай сезімде болдыңыз?

- Денистің, басқа спортшыларға қарағанда, бағдарламасын таза орындап шыққаны қуантты. «Алтын» спортшымыз Олимпиада жүлдегері атанғанын білгенде қуанышымызда шек болмады. Ұзақ жылдар бойы атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі деп білеміз, Денистің ата-анасы мен барлық жаттықтырушыларының арқасы. Бұл Денистің жеңісі - бүкіл Қазақстан жеңісі!