Өткен жылы қарағандылық «Шахтердің» сапында сәтті өнер көрсеткен Сергей Хижниченко жуырда Кельценің «Коронасымен» біржылдық келісімшартқа отырды. Сергей «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында «кеншілердің» жеңісі жайлы және неліктен Польшаға кеткені туралы айтты.

– Былтырғы маусым жадыңызда ұзаққа дейін сақталар...

– Әрине былтырғы маусым біз үшін сәтті аяқталды. «Шахтермен» еуропада үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақстан футболының тарихында алғашқы рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне өттік. Сондай-ақ, клубтың тарихында бірінші рет Ел кубогын ұттық. Мен үшін маусым бірқалыпты болмады. Жарақатымнан айығып жақсы ойын көрсете бастадым, маусымның соңына таман ойыным жүрмей қойды.  

– «Шахтер» «Селтикті» ненің арқасында ұтты?

– «Селтикті» жеңуімізге көп факторлар әсер етті. Қарсыластарымыздың бізді менсінбеуі, жанкүйерлеріміздің қолдауы, әсіресе қарағандылық жанкүйерлерді атап өткім келеді. Қазақстандық футболшылар да тәуір өнер көрсететінін дәлелдегіміз келді.

– Құрбандық шалу рәсімінің пайдасы тиді ме?

– Қойды ешкім құрбандыққа шалған жоқ. Алыпқашпа сөздің артынан еретіндерге айтарым: ит үреді керуен көшеді. Дегенмен, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыға алмадық.

– «Селтикпен» ойында «Астана Аренада» жанкүйерлер толы болды, ал қалған кездесулерде аз, неліктен деп ойлайсыз?

– Меніңше, көбісін Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығу матчы қызықтырды. Оған қоса «Селтик» «Барселона» сияқты мықты команданы ұтқан еуропаның маңдай алды  командасы.

– «Шахтердің» Еуропа лигасындағы соңғы ойындарында әлсіз ойнауы, Қазақстан чемпионатының аяқталуына байланысты болды ма?

– Соңғы ойындарда әлсіз ойнадық деп айта алмаймын. Ел біріншілігі аяқталғаннан кейін де жақсы ойнадық. Ел кубогын ұттық және Еуропа Лигасының үш кездесуінде жеңіске жетуге жақын болдық.

– Былтырғы маусымда «Шахтер» сапында кім ерекше көзге түсті?

– Елімізде Евгений Тарасов, Андрей Порываев, Рохер Каньяс, Алдин Джидич, Никола Василевич пен Александр Симчевич жақсы таныла бастады. Әрине, супермаусым өткізген Андрей Финонченконы ерекше атап өткен жөн.

– Маусымның қорытындысы бойынша үздік ойыншыны анықтау барысында екі ойыншы; Андрей Финонченко мен Андрей Сидельников таласқа түсті. Сіз кімге дауыс берер едіңіз?

– Әрине, Андрей Финонченкоға.

– «Шахтер» сапында Қазақстандағы барлық жүлделерді ұттыңыз, ел футболынан жалыққан жоқсыз ба?

– Үш жыл ішінде «Шахтермен» талай турнирлерде жеңіске жеттік, қуаныштымын. Футболдан жалығу мүмкін емес қой.

– Польшалық «Коронадан» өзге, сізге украиндық «Карпаты» қызықты, бұл рас па?

– «Карпаты» да басқасы да келісім ұсынған жоқ. Маған қызығушылық танытқан «Корона» клубы ғана, артынша олармен келісімшартқа отырдым.

– Қар басқан Кельце қаласы сізді қалай қарсы алды?

– Жақсы қарсы алды. Тұрғындары қонақжай, мейірімді екен. Орысша сөйлейтін екі жігіт бар: Сергей мен Алексей командаластарым. Оларсыз қиын болар еді маған.

– «Корона» немен ерекшеленді екен?

– Алдымен Кельцеден 120 шақырымдық жерде орналасқан жаттығу кешенінде командаға қосылдым. Артынша ойынға қатыстым. Әріптестерім мұнда спортық БАҚ өкілдері жоғары деңгейде жұмыс істейтінін түсіндірді. Әдемі алаңдар мен жақсы стадиондар көп екен.

– «Коронаның» футбол философиясын ұғындыңыз ба?

– Бұл үдеріс баяу өтуде. Тіл білмеуім кедергі болып тұр. Әріптестерім айтқан сөздерін орысшыға аудармаса өзімді басқа планетан келгендей сезінем. Бапкеріміз – испандық, аудармашы арқылы өз тілінде сөйлейді. Оның айтқанын мен ең соңғы болып түсінемін. Стадиондарын көрдім, алаңдары керемет екен. Қазақстанда мұндай инфрақұрылым жоқ.  

– Кезінде Голландияда ойнауға мүмкіндік болғанда мәселе қаржыға тірелген, Бұл жолы қалай болды?

– Қаржы тұрғысынан аса ойланған жоқпын. Голландиядан естелікке «Фейенордтың» жейдесі ғана қалды. Дегенмен, болашақта мүмкіндік болып жатса, голландиялық клубқа ауысуыға тырысамын.

– Жаттығу жиында бірнеше рет көзге түстің, бапкердің көңілі толды ма сізге?

– Әрдайым гол соғып тұру шабуылшы үшін аса маңызды. Мергендікпен көзге түскен сайын іштегі жел-құз ойнап жалынды маздатады. Жеңіске жеткенімізде әріптестерім құттықтап бапкерім мақтады.  

– Поляк тілін меңгеру үшін курстарға жазылдыңыз ба?

– Әлі жазылған жоқпын.

– Неліктен шет елдік футболшылар алдымен «боқтық» сөздерді тез жаттайды?

– «Боқтық» сөздер тез жатталады. Неге екенін білмеймін (күледі).

– Поляктар мен легионерлер Қазақстан жайлы сұрады ма?

– Әлі ешкім сұраған емес. Бірақ, «Еуропалық Лигалардың ішінен неліктен Польшаны таңдадың?» деп сұрайды.

– Кельце қаласымен таныстың ба?

– Бос уақытым жоқ, сондықтан Кельцені әлі дұрыс көрген жоқпын. Дегенмен, «орыс мафиясы» болып боулингке бардық.

– Орыс мафиясы?

– Орысша сөйлейтін үшеуімізге осындай ат қойды. «Орыс мафиясы» деген.

– Өзіңен бірге кітап алдың ба?

– Электронндық Дэни Браунның «Утраченный символ» кітабін оқып жүрмін. Вадим Боровский ұсынған болатын бұл кітапті. Содан соң, Фергюсон мен Ибрагимовичтің автобиографиясын оқимын.  

– Поляктарға сүйікті рэпперлеріңнің әндерін тыңдаттың ба?

– Жақын арада Баста, Карандаш, Nel және L'One-нің өлеңдерін тындатамын. Бірақ олар польшаның рэпін тындайды екен, мүмкін мағанда ұнап жатар.

– Бос уақыт табыла қалса, отаныңа келесің бе?

– Үйге чемпионат аяқталғанша келе алмайтын шығармын. Бірақ отбасымды, ағамды және әйелемді сағынып кеттім. Айтпақшы, әйелім жақында ұшып келеді.

– Юсуп Шадиев Каньястың «Шахтердан» кетуі үлкен әсерін тігизеді деді, ал сенімен Казарянды басқа ойыншылар алмастыра алады деген. Өзің қалай ойлайсын?

– Мен сынды жақсы қабылдаймын. Дұрыс сөз айтатын адамдар бар, оларды тыңдап, сабақ алуға болады. Сондай-ақ жайбарақат албаты сөйлей беретін адамдар бар. Олар 24 сағат бойы компьютер алдында отырғанан басқа түк бітірмейді.

– «Корона» Польша чемпионатын ұта алады ма?

– Биылғы маусымда чемпиондыққа таласу қиын болады. Дегенмен, жоғарғы сатыдан көрінуге тырысамыз.

– Неліктен «91-ші» нөмірді алдын?

– Ештеңе өзгерткім келмеді (күледі).

– Келісімшартыңыз қанша жылға жоспарланған?

– Келісімшарт бір жылдық. Жалақы мен үшін ең маңызды нәрсе емес. Ең бастысы Еуропада ойнаймын.

– Бапкеріңіз Хосе Рохо Мартин қандай кеңес берді?

– Артық салмақты кетір деді (күледі). Сәттілік тіледі. Мен де өз ретімде «PROСПОРТ»-тың атынан маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріме өз алғысымды айтқым келеді. Қарағандыда өткізген үш жылды ешқашан ұмытпаймын. «Шахтерге» тек қана жеңіс тілеймін! Барлықтарыңызға мыңда бір алғыс.

 

Сұхбаттасқан: Марк ШПИЛЬМАН

Аударған: Қайсар ОҚАС

Фото ФК «Корона»