Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин DAZN телеарнасымен келісім жасасты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Бүгін белгілі болғандай Геннадий Головкин бейсенбі күні таңертең DAZN командасымен алты кездесуге келісімшартқа қол қойған. Әр жекпе-жекте ол сегіз сандық соманы табады, ол жылына екі рет жекпе-жек өткізеді деп күтілуде.

Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 8-ші не 16-шы маусым күні өткізуі қажет. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бастапқыда қазақстандық боксшы WBO чемпиондық белбеуінің иегері Деметриус Андрадемен кездесуі мүмкін екені хабарланған еді. Алайда америкалық боксшы 24 маусым күні жекпе-жек өткізетін болды. Ал Геннадий Головкиннің екінші айқасы қыркүйек айында мексикалық Сауль Альвареске қарсы өтуі қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Головкиннің соңғы телесеріктесі HBO болды, бірақ келісім-шарт аяқталды, содан кейін каналдың басшылығы бокстан мүлдем кетуге шешім қабылдады.