24 наурыз күні Алматы қаласындағы AlmatyArena көпфункционалды спорт кешенінде қазақстандық және бірқатар шетелдік боксшылардың қатысуымен кәсіби бокс кеші өтеді, деп жазады prosports.kz. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бокс кешіне жергілікті спортшылардан бөлек, Ресей, Африка, Венесуэла, Өзбекстан, Беларусь, Грузия елдерінен келген боксшылар қатысады. Кештің басты жекпе-жегінде Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) мен Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Лукас Ндафолум (15-1, 6КО) WBA Intercontinental, WBC Asia және WBO Global белдіктерін сарапқа салады. Ал тағы бір отандасымыз Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4KO) 25 жастағы венесуэлалық Иван Матутпен (28-1, 23 КО) WBA Intercontinental атағы үшін жұдырықтасады. Бұлардан бөлек, бокс кешінде 16 жастағы боксшы Дастан Садуұлы (2-0, 2 KO) ресейлік Александр Салтыковпен (12-55-3, 7 KO) кездеседі. Тағы бір қазақстандық Искандер Харсан (5-0, 4 KO) Грузия боксшысы Джаба Мемишишимен (8-10, 1 KO) жұдырықтасады. 24 жастағы боксшымыз Асхат Жантұсынов (3-0, 3 KO) пен тағы бір грузин спортшысы Рамази Гогичашвили (22-27-2, 10 КО) арасында жекпе-жек өтеді. 20 жастағы грузин боксшысы Малхаз Суджашвили (10-4, 8 КО) алматылық Диас Тастеміровке (3-0, 3 КО) қарсылас атанады. Өзбекстандық Улугбек Хакбердиев (5-0, 3 КО) Беларусь боксшысы Дмитрий Атроховпен (16-4, 7 КО) шаршы алаңға шығады. Бұл кеште бокс жанкүйерлері асыға күтетін тағы бір жекпе-жек талантты боксшы Садриддин Ахмедовтың қатысуымен өтеді. WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы Садриддинның қарсыласы қазірше анықталған жоқ.