Спорттық арбитраждық сот (CAS) қазақстандық биатлоншы Галина Вишневскаяның өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты IBU баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вишневскаяның тиісті өтініші 22 ақпанда CAS-де тіркелді.

Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) оны жарыстардан уақытша шеттету туралы шешімді жоюға міндеттелді. Осылайша, қазақстандық спортшы IBU аясындағы барлық жарыстарға тіркелуге құқық алды.

Айта кетейік, Вишневская 2018 жылдың қараша айында жарыстардан уақытша шеттетілген болатын. Бұл шешім Австрия мен Италиядағы қылмыстық тергеулерге негізделген.

CAS қазірше өздерінің шешіміне байланысты түсініктеме берген жоқ.

Тағы бір қазақстандық биатлоншы Дарья Климинаның (Усанова) дәл осындай Уақытша шеттетуді жою туралы өтінішін CAS қабылдамады.