Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин Prosports.kz сайтына бүкпесіз сұқбат берді. Әңгіме барысында ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Михал Билек жайлы және отандық футболдағы жемқорлық турасында айтып берді.

– Бұрындары ұлттық құраманың тізгініне алдымен клубта, сосын ғана құраманы жаттықтырған бапкерлер келген еді. Бірнеше жаттықтырушыларды зерттеп, таңдауымыз Билекке түсті. Оның Чехия жастар және ұлттық құрамасындағы ойынын түгел зерттеп шықтық. Бізге ұлттық құраманы сәтті баптаған жаттықтырушы қажет еді. Не дегенмен «клуб» пен «құраманың» бапкері әр түрлі болады. Билек Чехия құрамасының тізгінінде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Құраманы Еуропа чемпионатыны ширек финалына дейін шығарып, танымал футболшыларымен жұмыс істеді.

– Келісімшарттың құны қанша?

– Екі тарап келісімшартқа тіс жармау туралы қол қойды. Бұл құпия болып қала берсін.

– Стоиловты даттағандар да, жақтағандар да көп болды. Оның қызметінен кетуін сіз жөн деп шештіңіз бе? Кейбіреулер Саян Хамитжановтың «Ордабасыға» келгеніне байланысты Стоилов та қызметін ауыстырады деп сыбыс шығарған болатын.

– Хамитжановқа еш қатысы жоқ. Стоиловтың алдына Ұлттар лигасының топтық кезеңіне шығу міндеті қойылды. Алайда мақсатқа жете алмады. Сол себепті орнынан кетті. Енді Билекке Еуропа чемпионатының жолдамасын иелену туралы мақсат қойылды.