Бүгін Сочи Олимпиадасында қазақстандық спортшылар жарыстың үш түрінен сайысқа түседі.

Сағат 12:00-де тау шаңғы жарысынан үш спортшымыз бағын сынап көрмек. Мартин Хубер, Игорь Закурдаев және Дмитрий Кошкин «қызыл» топтан кейін жарыс жолына шығады. Бұл бәсекені тікелей эфирде Хабар телеарнасы көрсетеді.

16:00-де шаңғы тебуден ерлер арасында 4х10 шақырым қашықтықта эстафеталық жарыс өтеді. Онда Қазақстан атынан - Денис Волотка, Сергей Черепанов, Евгений Величко мен Марк Старостин өнер көрсетеді. «Хабар» арнасы аталған бәсекені тікелей эфирде таратады.

Кейін сағат 20:30-да «Адлер-Арена» мұз айдынында конькимен жүгіруден әйелдер арасындағы 1500 метрлік қашықтықта сайыс басталады. Бұл бәсекеде жалғыз спортшымыз Екатерина Айдова сайысқа түседі.