АҚШ-тың Парк-Сити қаласында шаңғы акробатикасынан әлем чемпионатының финалдық кезеңі өтті. Аталған сында қазақстандық Ақмаржан Қалмұрзаева 8-ші, Жанбота Алдабергенова 9-шы орын иеленген болатын.

Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген Ақмаржан Қалмұрзаева әлем чемпионат қорытындылап, өз нәтижесі туралы ойымен бөлісті.

«Шынымды айтсам, көрсеткішім көңілден шығады. Бір жылдан бері ешқандай жарысқа қатыспағанымды ескерсек, нәтиже жаман емес. Біздің команданың әлем чемпионаты қарсаңындағы дайындығы аздау болып қалды. Алайда, секіру әдістерін жақсартып, жерге түсу кезінде де сенімді бола бастадық. Өз нәтижеме көңіл толатынын тағы да қайталап айтамын», - дейді Қалмұрзаева.

Айта кетелік, әлем чемпионы атағын Беларусь қызы Александра Романовская иеленді. Екінші орында ресейлік Любовь Никитина, үшінші орында қытайлық Ментао Ксю.