Сочи Олимпиадасында 14-ші ақпан күні қазақстандық спортшылар жарыстың алты түрінен сайысқа түсті. 
 
Бүл күні Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медаль түсті. Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан жалпы саны 171,04 ұпай жинап қола медаль еншіледі. Тағы бір қазақстандық Абзал Рақымғалиев жарыстың қорытындысы бойынша - 22-ші орын алды.
 
Ал шаңғы жарысынан 10 шақырымдық қашықтықтағы сайыстың басты фавориті болып саналған жерлесіміз Алексей Полторанин жарысты 9-шы орында аяқтады. Николай Чеботько - 33-ші, Евгений Велчико - 34-ші, ал Ердос Ахмадиев - 54-ші орынды қанағат тұтты.   
 
Биатлоннан әйелдер арасындағы 15 шақырымдық қашықтықтағы сайысқа төрт қазақстандық спортшы қатысты. Дарьяс Усанова мен Галина Вишневская - 40,41-ші орындарда тұрақтады. Ванкувердегі Олимпиаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталева бәсекені 47-ші орында аяқтады. Алина Райкова - 65-ші.    
 
Фристайлдың акробатика бағдарламасы бойынша екі қандасымыз сынға түсті. Жанбота Алдабергенова ешкім күтпеген жерден 6-шы орын алып, жақсы нәтиже көрсетті. Жібек Арапбаев бұл бәсекеде 13-ші.  
 
Тау шаңғы жарысынан суперкомбинация бағдарламада Игорь Закурдаев 27-ші нәтиже көрсетсе, Мартин Хубер - 34-ші орынды қанағат тұтты. 
 
Трамплинмен секіруден екі қазақстандық спортшы - Алексей Пчелинцев пен Марат Жапаров іріктеу кезеңнен өте алмады.