Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов елімізде спортты дамыту мақсатында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) басшысы Лорд Себаястьян Коэмен ұйымның штаб-пәтерінде кездесу өткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бұл отандық жеңіл атлетика тарихындағы айрықша кездесу, өйткені, қазақстандық федерация басшысы әлемдік ұйым көшбасшысымен алғаш рет ресми кездесу өткізіп отыр.

Даниал Ахметов кездесу барысында Қазақстандағы жеңіл атлетиканың ахуалын айтып, Федерация құрылымында жүргізіліп жатқан реформаларды баяндады. Сондай-ақ, елімізде жеңіл атлетикаға арналған спорттық кешендердің салынып жатқанын хабарлады.

Бұдан бөлек, Астанада IAAF аймақтық даму орталығының ашылуы да сөз болды. Әлемде мұндай орталықтардың саны тоғызға жеткен.

Коэ өз кезегінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ұйымның маңызды мүшесі екенін айтып, IAAF ел аймақтарында жеңіл атлетиканы дамту үшін бар күшін салатынын жеткізді.

IAAF әлемдегі ең ірі спорттық ұйым саналады. Ол 215 мемлекеттің басын біріктірген.