Аты аңызға айналған боксшы Мұхаммед Әлидің қолғаптары АҚШ-тағы аукционда сатылымға қойылмақшы. 1964 жылы ол Сонни Листонды жеңіп, ауыр салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын, деп жазады РБК. 

Бұл бірегей лотты сатылымға Heritage Auctions аукциондық үйі қойған. Бағалау құны $500 000 болатын боксшы қолғаптарын тапсырыспен жасаған белгілі шебер Сэмми Фрэгер оны қой мен қозы терісінен тігіп, ешкі терісімен әдіптеген. 22 ақпан күні өткізу жоспарланып отырған аталмыш аукцион 1964 жылы 25 ақпанда Майамиде  өткен жекпе-жектің 50 жылдығына арналған.

Айта кетейік, 1999 жылы Sports Illustrated пен Би-Би-Си Мұхаммед Әлиді ғасыр спортшысы деп атаған болатын. Өткен жылдың күзінде ауыр салмақ дәрежесі бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы және 1960 жылғы Олимпиада алтынының иегері Канкунде WBC Бүкіләлемдік боксшылар кеңесінің 50-ші конвенциясында «бокс королі» атанды. Алайда, өкінішке орай, қазіргі таңда 72 жастағы атақты спортшының туысқандары оның денсаулығының нашарлап бара жатқанын айтады.