Бүгін, 14-ші ақпан күні, Сочи Олимпиадасында жарыс жолына шығатын спортшылардың тізімін назарларыңызға ұсынамыз. Жүлдеге үміткерлердің тізімінде Алексей Полторанин бар.

Әлемдік додаларды бағындырып жүрген Алексей Полторанин бұл күнді ұзақ күтті, дайындалды. 15 шақырымдық қашықтықта жерлесіміз кез келгенмен тайталасып үзеңгі қағыса алады. Жерлесіміз қолаға қол созса да «шүкір» дейміз. Сонымен қатар жарыс жолына Евгений Величко, Николай Чеботько мен Ердос Ахмадиев шығады. Аталмыш спортшылар үздік отыздыққа енсе де жаман емес. Трансляцияның басталу уақыты - 16:00-де. Жарысты «Россия 1» мен «Спорт 1» арналары тікелей эфирде таратады.

17:15-те фристайл шеберлері бүгін өзара күш сынасады. Шаңғы акробатикасы бойынша Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова  квалификация табалдырығын аттап көрмек.

Кейін, 20:00-де 15 шақырым қашықтықта биатлоннан жекелей сындар басталады (әйелдер арасында). Елена ХрусталеваГалина Вишневская, Дарья Усанова мен Алина Райкова намысты ортаға салмақ. Аталмыш сайыста медаль жеңіп алуымыз екі талай. Десек те қыздарға сәттілік тілейміз.

Тура 21:00-де мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында еркін бағдарлама бойынша жарыс басталады. Жерлестеріміз Абзал Ракимғалиев пен Денис Тен жүлделі орындардан алшақтап кетті. Дегенмен, Денистің қола үшін күресетін мүмкіндігі бар.