«Астана» футболшылары 3-24 ақпан аралығында Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі жазды.

Осы аралықта команда 7 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Астаналықтардың алғашқы қарсыласы соңғы үш жылдағы Өзбекстан чемпиондары «Локомотив» (Ташкент). Ойын 6 ақпан күнге жоспарланған. Ташкенттік команданың еншісінде чемпиондық атақтан бөлек, 2 Кубок пен Суперкубок жүлдесі бар.

«Астана» 7 ақпан күні 2018 жылғы Сербия Кубогінің финалисті «Млада» (Лучани) командасына қарсы ойнайды.

Қазақстанның бес дүркін чемпиондары келесі ойынын 11 ақпан күні Босния және Герцеговина чемпионатының соңғы жылдағы қола жүлдегері, ел чемпионатының үш дүркін жеңімпазы «Сараевоға» қарсы өткізеді.

Ал Роман Григорчук шәкірттері келесі күні тағы бір өзбекстандық команда «Согдианаға» қарсы ойнайды.

«Астана» 17 ақпан күні армениялық «Бананц» командасымен күш сынасады. Еревандық клуб осы елдің төрт дүркін қола жүлдегері және ел чемпионы.

Елорда командасы 21 ақпан күні «Динамо» (Брест) командасымен жолдастық кездесу өткізеді.

Қазақстандық команда оқу-жаттығу жиынын 24 ақпан күні Ресей чемпионатының өкілі «Крылья Советов» командасына қарсы кездесумен қорытындылайды.

Ойындар күнтізбесі: 6.02 Астана – Локомотив (Ташкент, Өзбекстан) 7.02 Астана – Младость (Сербия) 11.02 Астана – Сараево (Босния және Герцеговина) 12.02 Астана – Согдиана (Өзбекстан) 17.02 Астана – Бананц (Армения) 21.02 Астана – Динамо (Брест, Беларусь) 24.02 Астана – Крылья Советов (Ресей)